Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевке Өзбекстан Республикасының жоғары мемлекеттік наградасы – «Жоғары дәрежелі Достық» ордені табыс етілді.
Мемлекет басшысы жоғары награданы табыстай отырып, бұл шешім Әзербайжан Президентінің бауырлас елдеріміз арасындағы достықты, стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды нығайтуға қосқан үлесіне Өзбекстан халқының шынайы құрметі мен жоғары бағасының көрінісі екенін атап өтті.
– Сіз ұлы әкеңіз – көрнекті мемлекет қайраткері Гейдар Әлиевтің ісін лайықты жалғастырып келесіз. Сіздің басшылығыңызбен жүзеге асырылып жатқан байыпты реформалардың арқасында Әзербайжан даму жолында және халықаралық аренада зор жетістіктерге жетуде.
Ильхам Әлиевтің Өзбекстан – Әзербайжан арасындағы көпқырлы қатынастарды кеңейтуге қосып келе жатқан үлесі де ерекше атап өтілді. Екі мемлекет арасында одақтастық қатынастардың орнығуында оның еңбегі айрықша екені айтылды.
Өз кезегінде, Әзербайжан Президенті жоғары марапат үшін еліміздің басшысы мен халқына алғыс білдіріп, достық пен өзара құрмет рухындағы жан-жақты ынтымақтастықтың одан әрі нығая беретініне сенім білдірді.
Бұдан кейін Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Әзербайжанның жоғары мемлекеттік наградасы – «Гейдар Әлиев» орденімен марапатталды.
Марапатты Мемлекет басшысына Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев табыс етті.
Өзбекстан көшбасшысы Әзербайжан Президенті мен бауырлас Әзербайжан халқына терең ризашылығын білдіріп, бұл марапатты мәңгілік достықты, стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды нығайту жолындағы бірлескен күш-жігерге берілген жоғары баға ретінде қабылдайтынын атап өтті.
– Бұл орден мен үшін айрықша мәнге ие. Оған бүкіл ғұмырын Отанына қызмет етуге арнаған ұлы мемлекет қайраткері Гейдар Әлиевич Әлиевтің есімі берілген. Дәл осы тұлға Әзербайжанның болашақ дамуы үшін берік негіз қалады, – деді Шавкат Мирзиёев.
Гейдар Әлиевтің Өзбекстанның тарихы мен мәдениетін жоғары бағалағаны, екі халықтың жақындасуына елеулі үлес қосқаны атап өтілді.
Өзбекстан мен Әзербайжан алдағы уақытта да барлық саладағы ынтымақтастықты кеңейтіп, бауырластық қатынастарды жаңа практикалық мазмұнмен толықтыра беретініне сенім білдірілді.
Айта кетейік, «Гейдар Әлиев» орденіне әр жылдары Франция Президенті Жак Ширак, Кувейт Әмірі Сабах әл-Ахмад әс-Сабах, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Италия Президенті Серджо Маттарелла және басқа да көптеген мемлекет қайраткерлері ие болған.