Келіссөздерде Өзбекстан – Әзербайжан стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастарын одан әрі дамыту мәселелері қаралды.

 

Мемлекет басшысы Әзербайжан Президентінің бұл жолғы мемлекеттік сапары тарихи оқиға екенін ерекше атап өтті.

 

– Саммит соңында Мәңгілік достық туралы шартқа қол қойылуы – соның айғағы болады. Ең бастысы, стратегиялық серіктестігіміз бен одақтастығымыздың әрбір тармағы нақты нәтижелер мен практикалық іс-қимылдардан көрініс табуы, – деді Шавкат Мирзиёев.

 

Көшбасшылар екіжақты байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Парламенттер, үкіметтер мен салалар арасында тұрақты диалог жолға қойылған.

 

Сапарға дайындық аясында Үкіметаралық комиссияның, Іскерлік кеңестің отырыстары және Өңірлер форумы табысты өткізілді.

 

Кейінгі бес жылда өзара тауар айналымы үш есеге артты. Энергетика, химия, тау-кен өнеркәсібі, тоқыма, ауыл шаруашылығы, қала құрылысы және басқа да бағыттарда кооперациялық жобалар жүзеге асырылуда.

 

Тауар айналымын 1 миллиард долларға жеткізуге мүмкіндік бар екені атап өтілді. Нақты шараларды қамтитын бағдарламаның қабылдануы осы маңызды межеге жетуге берік негіз қалайды.

 

Отырыс аясында жаңа кооперациялық жобаларды іске асыру басталады. Мұндай бастамаларды қолдау үшін Бірлескен инвестициялық компанияның қаражатын белсенді тартудың маңыздылығы атап өтілді.

 

Екі ел арасындағы өзара байланысты нығайтып, Орта дәлізді бірлесіп дамыту қажеттігі айтылды.

 

Көшбасшылар мәдениет, білім, жастар саясаты және спорт салаларындағы белсенді алмасуларды жалғастыруға келісті.

 

Бүгін Низами Гәнжауи атындағы Ұлттық педагогикалық университеттің жаңа ғимараты ашылады, сондай-ақ Жаңа Ташкентте «Әзербайжан» саябағын салу жұмыстары басталады.

 

Екі халықты одан әрі жақындастыру мақсатында «Низами Гәнжауи мен Әлішер Науаи арасындағы әдеби көпір» тақырыбында бірлескен фильм түсіру ұсынылды.

 

Биыл күзде Әзербайжанда жетекші жоғары оқу орындары ректорларының екінші форумы өтеді.

 

2027 жылы елдерімізде маңызды спорттық оқиға – футболдан жастар арасындағы әлем чемпионаты өтеді. Осыған байланысты бірлескен спорттық, мәдени және жастар іс-шараларын өткізуді көздейтін ауқымды «Екі ел – бір чемпионат» бағдарламасы әзірленеді.

 

Мемлекет басшылары халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде де пікір алмасты.

 

Отырыста Үкіметаралық комиссия тең төрағаларының баяндамалары тыңдалды.

 

Қол жеткізілген уағдаластықтарды уақтылы әрі сапалы іске асыруға бағытталған «жол картасын» қабылдау туралы шешім қабылданды.

 

Жиын соңында банк-қаржы, құрылыс материалдары, білім беру, мұнай-газ, туризм, тұрғын үй құрылысы, тау-кен өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру басталды.