Өзбекстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 9 қазандағы ПЖ–217-санды «Өзбекстан Республикасы Министрлер Кабинетінің атқарушы құрылымын одан әрі жетілдіру іс-шаралары туралы» жарлығында үкімет құрылымын өзгерту және білім беру, ғылым мен денсаулық сақтау салаларындағы басқару тиімділігін арттыру бойынша іс- шаралары белгіленді.
Құжатқа сәйкес, Министрлер Кабинетінің атқарушы құрылымында Премьер-министрдің бірінші орынбасары — білім және ғылым министрі лауазымы енгізілді.
Сонымен қатар, 12 штат бірлігінен тұратын Білім, ғылым және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі хатшылық құрылады.
Хатшылықтың бес штат бірлігі Министрлер Кабинетінің Әлеуметтік даму мәселелері бөлімінің есебінен, ал қалған жеті штат бірлігі қайта ұйымдастырылған Мектепке дейінгі және мектеп білім беру министрлігі мен Жоғары білім, ғылым және инновациялар министрлігінің штат бірліктерін үйлестіру есебінен қалыптастырылады.
Жарлыққа сәйкес, Премьер-министрдің бірінші орынбасары — білім және ғылым министріне Білім және ғылым министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, сондай-ақ олардың жүйесіндегі тиісті агенттіктер, комитеттер мен инспекциялар бекітіледі.
Сондай-ақ оның міндеттерінің аясына Ғылым академиясының, Ішкі істер министрлігінің және Жастар істері агенттігінің қызметіндегі жекелеген бағыттар да кіреді.
Атап айтқанда, Ішкі істер министрлігіне білім беру мекемелерінде, оқушылар мен студенттер арасында есірткі құралдары мен психотроптық заттардың таралуына, қысым көрсету және зорлық-зомбылық қылмыстарына жол бермеу мәселелері бойынша міндеттер біріктірілген.
Ал Жастар істері агенттігі оқушылар мен студенттердің заманауи білім мен кәсіптік дағдыларды меңгеру мүмкіндіктерін кеңейту, оларды Отанға адалдық, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарға құрмет рухында тәрбиелеу бағытында қатысады.
Жаңа лауазым иесі өз өкілеттіктері шеңберінде республиканың атқарушы билік органдары басшыларының, Қарақалпақстан Республикасы Министрлер Кеңесі Төрағасының, облыстар мен Ташкент қаласы әкімдерінің білім беру, ғылым және денсаулық сақтау салаларына қатысты міндеттерінің орындалуына жалпы басшылық жасайды әрі олардың қызметін үйлестіреді.
Жарлықта Мемлекеттік қауіпсіздік қызметімен және Ұлттық гвардиямен ынтымақтастық бағыттары да белгіленген. Олар оқушылар мен студенттерді зиянды ағымдардың ықпалынан қорғау, патриотизм мен салауатты өмір салтын насихаттау сияқты мәселелерді қамтиды.
Жарлыққа сәйкес, Министрлер Кабинеті екі апта мерзім ішінде Премьер-министрдің бірінші орынбасары — білім және ғылым министрінің функционалдық міндеттерін және хатшылық туралы ережені бекітуді көздейтін қаулы қабылдауы тиіс.
Сонымен қатар, Министрлер Кабинетінің Әлеуметтік даму мәселелері бөлімі Мәдениет және спорт мәселелері бөлімі деп қайта аталады.
Құжатта Министрлер Кабинетінің атқарушы құрылымындағы басқару қызметкерлерінің саны 243 етіп белгіленген.
Әділет министрлігіне мүдделі министрліктермен және кеңселермен бірлесіп, бір ай мерзім ішінде жарлықтан туындайтын заңнамалық құжаттарға өзгерістер мен қосымшалар енгізу жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу тапсырылған.
Жарлықтың орындалуын бақылау Премьер-министр Абдулла Арипов пен Президент Администрациясының басшысы Саида Мирзияеваға жүктелген.