Мектепке дейінгі және мектеп білім беру министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ташкент қаласының Шайхонтохур ауданындағы «Баркамол авлод» балалар мектебінің «Робототехника» үйірмесінің мүшесі Озодбек Хошимов адамдарды иіс газынан сақтайтын жаңалық ашты.
Зеңгіата ауданындағы 6-мектептің 9-сынып оқушысы Озодбек газ, өрт және түтін шыққан кезде, қауіп туралы тиісті қызметтерге ескерту СМС хабарлама жіберетін құрылғы ойлап тапты.
- Қыс маусымы болатын. Адамдар иіс газынан қайтыс болғаны туралы қорқынышты жаңалықтарды БАҚ-тан оқып, естігенде, мен оның алдын алу керек деп ойладым, содан кейін осы өнертабысты жасау идеясы пайда болды. Бұл өнертабыс тиісті қызметтермен біріктірілсе, мұндай апаттардың алдын алады деп ойлаймын, – дейді Озодбек. Өрт қаупі туындаған кезде құрылғы үй иелерін хабардар етеді және қауіпті жерден геолокацияны жіберу арқылы өрт сөндірушілерге СМС хабарлама жібереді.
Дәл қазір, Озодбектің ойлап тапқанын патенттеу үдерісі жүріп жатыр. Осы жаңалықты ашуда үйірме басшысы Камолиддин Аубдуқаххаров жетекшілік етті. 2019 жылдан бері 22 жастағы ұстаз Шайхонтохур ауданындағы «Баркамол авлод» балалар мектебінде үйірме жетекшілік етеді. Ол жетекшілік ететін үйірме мүшелері Республикалық және Халықаралық деңгейде өткен көптеген байқауларда жеңімпаз болған.