Өзбекстан әлеуметтік-экономикалық саясатының басты мақсаты – жұмыс орындарын көбейту және кедейшілікті азайту. Осы бағыттағы мақсатты жұмыстың нәтижесінде өткен жылы кедейшілік деңгейі 17 пайыздан 14 пайызға дейін төмендеді. 1 миллион адамға кәсіптік білім үйретіліп, жұмысқа тұруға көмектесу арқылы кедейліктен шығуына көмек берілді.
Осы кезеңде 200 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектілері құрылып, 10 мың кәсіпорынның қызметі кеңейтіліп, 11 мың кәсіпорынның қуаттылығы қалпына келтірілді.
Бірақ кей жерлерде кешігулер де бар. Мысалы, Науаи, Сұрхандария және Ферғана облыстарында кедейшілікті төмендету көрсеткіші салыстырмалы түрде артта. Бірқатар аудан, қалаларда жұмыспен қамту бағдарламасы мүмкіндіктер деңгейінде айқындалмаған.
Сондықтан жиында халықты жұмыспен қамту және шағын кәсіпкерлікті қолдаудың биылғы жылғы жоспарлары талқыланды.
– Кедейлікті төмендетудің басты факторы – халықты табысты жұмыспен қамтамасыз ету. Сондықтан әкімшілік реформалар аясында кедейшілікті азайтуға жауапты 5 мекеме бір жүйеге ауыстырылды. Жаңа министрлікке барлық ұйымдастырушылық және қаржылық мүмкіндіктер берілді. Енді еңбек ресурстары мен жұмыссыздық есебін жүргізу, сондай-ақ жұмыспен қамтуды қолдау және елді-мекендерде кәсіпкерлікті дамыту бір министрлікте болады, – деді Шавкат Мирзияев.
Жауапты азаматтарға 2023 жылға дейінгі жұмыспен қамту бағдарламасын өңірлік деңгейде мұқият әзірлеп, бекіту тапсырылды.
Мемлекет басшысы назар аудару қажет болған бағыттарға тоқталды.
Ең алдымен, отбасылық кәсіпкерлікке одан әрі серпін беру мақсатында қаржылық қолдау аясы кеңейетіні айтылды. 2022 жылы бұл мақсатқа 10 триллион сумға жуық жеңілдетілген несие бөлінді. Биылғы жылы отбасылық бизнес бағдарламасына 12 триллион сум бөлінеді. Сондай-ақ мұндай несиелердің максималды мөлшері де ұлғайтылады.
Жұмыспен қамтудың тағы бір үлкен көзі – ауыл шаруашылығы. Екі жылда 200 мың гектардан астам жер халық игілігіне берілді. Бұл Самарқанд облысының жалпы мақта және астық алқабынан көп.
Алайда кей жерлерде бұл жұмыстар шашыраңқы түрде ұйымдастырылған, егістік плантация әдісімен егілмеген. Сондықтан да Президент халыққа қолайлы орындағы жерлерді бөліп, оларда нарықтық өнім өсіруді тапсырды. Бұл жерлерді тиімді пайдаланып, 1 миллиард доллардың өнімін өндіруге болатыны айтылды.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында аудан мен қалалардың экономикалық әлеуетіне қарай 5 санатқа бөлінетінін айтқаны белгілі.
Жиында 4-ші және 5-ші санатқа жататын аудандарда кедейшілікпен күрес жұмысын қайта құру туралы шешім қабылданды. Оған сәйкес, бірінші кезеңде «темір дәптер», «жастар дәптері» және «әйелдер дәптері» бір жүйеге біріктіріліп, әрбір отбасына бірыңғай цифрлық төлқұжат әзірленеді. Екінші кезеңде оларды кедейшіліктен шығарудың жеке бағдарламалары жасалады. Үшінші кезеңде отбасына кәсіптік оқыту және кәсіпкерлік жобалары жүзеге асырылады.
Сондай-ақ, махаллаларда 300 шағын несие беру орталығы ұйымдастырылады. Мемлекет басшысы мұндай орталықтарды көбейтіп, жұмыссыз халықтың қолөнер және кәсіпкерлікпен айналысуына жағдай жасаудың маңыздылығын айтты.
Кедейлікті азайту және жұмыспен қамту министрлігіне Сауда-өнеркәсіп палатасымен бірлесіп, әрбір аудан бойынша кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын әзірлеу тапсырылды.
Жиында облыс және аудан әкімдері өңірлердегі мүмкіндіктер және тәжірибелер туралы ақпарат берді.