Президент төрағалығымен Әндіжан облысының даму мәселелері талқыланды

    16 сәуір күні «Булоқбоши» ауданында Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев төрағалығымен Әндіжан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңейтілген жиын өтті.

    Кеңесте соңғы жылдары Әндіжанда «Жаңа Өзбекстан» ұғымы әрбір аудан мен әрбір махаллаға терең еніп жатқаны ерекше атап өтілді. Өткен жылы облыста 4 мыңнан астам жаңа кәсіпкер өз ісін бастап, 450 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

    Сонымен қатар, 1,5 миллион шаршы метр тұрғын үй мен 850 мың шаршы метр коммерциялық мақсаттағы нысандар салынған. Соның нәтижесінде сауда және қызмет көрсету салалары 13 пайызға, өнеркәсіп өндірісі 7,5 пайызға өскен.

    Алайда, уақыт бір орында тұрмайды. Әндіжанның экономикалық әлеуеті, жаңа жобалар мен бастамаларға толы.

    Жиында шағын және орта бизнесті қолдау, инвестиция көлемін арттыру, экспортты көбейту, құрылыс және әлеуметтік салаларды дамытуға қатысты мәселелер жан-жақты талқыланды.

    Атап айтқанда, 2025 жылы Әндіжан облысында кем дегенде 6 пайыз экономикалық өсімге қол жеткізіп, жалпы өңірлік өнім көлемін 105 триллион сумнан асыру, 305 мың адамды жұмыспен қамтып, 150 мың тұрғынды кедейліктен шығару мүмкіндігі бар екені айтылды.

    Мәселен, Әндіжанда станок жасау саласы жақсы дамығанымен, соңғы екі жылда облысқа 1 миллиард доллардың құрылғылары сырттан әкелінген. Егер осы жабдықтарды жергілікті жерде өндіру жолға қойылса, қосымша табыс көзі пайда болып, жаңа жұмыс орындары ашылады. Мұндай бастамашыларды қолдап, қажетті сертификаттар мен құралдар алуға жағдай жасау қажет.

    Сондай-ақ, машина жасау және конструкторлық өндіріс орталықтары құрылады. Өнеркәсіп салаларында сұранысқа ие импорттық жабдықтардың техникалық сипаттамалары зерттеліп, отандық кәсіпорындарға баламалары ұсынылады. Мұндай құрылғыларды жергіліктендіргісі келетін кәсіпкерлерге 5 миллиард сумға дейін жеңілдетілген несие беріледі.

    Облыстағы 13 мың гектар таулы аймақты сумен қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығына тиімді игеруге болады. Бірақ, бұл жерлерге су жеткізу үшін қажетті электр қуаты шаруаларға қымбатқа түседі. Сондықтан күн панельдерін орнатуға қаржылық қолдау тетіктері енгізіледі. «Қурғонтепа» ауданында 300 гектар таулы аумақта заманауи интенсивті бау пен жүзім бағы құрылып, дайын күйде кәсіпкерлерге ұсынылады.

    Кеңесте басқа өңірлердегі тиімсіз жылыжайларды Әндіжан облысына көшіріп, тұрғындарға лизинг арқылы беру көзделгені айтылды. Сондай-ақ, махаллаларға арзан тұқым мен минералды тыңайтқыштар жеткізіледі.

    Кедейлікті азайту және халықты жұмыспен қамту министрлігі «Балиқчи» және «Олтинкул» аудандарында әрқайсысы 5 гектардан тұратын жылыжайлар салып, 100-ге жуық мұқтаж отбасын тұрақты табыс көзімен қамтамасыз еткен. Енді бұл тәжірибе «Уллуғнор», «Пахтаобод», «Ходжаобод», «Мархамат» және «Әндіжан» аудандарында да жүзеге асырылады. Мұндай заманауи жылыжайлар ұйымдастырған махалла төрағаларына 100 пайыз үстемеақы төленетін болады.

    Облыстағы жасанды су қоймаларының тек 23 пайызында ғана интенсивті балық өсіру әдісі қолданылады. Азия даму банкінің 15 миллион долларлық қаржысы есебінен 320 гектар аумақта интенсивті әдіспен балық өсіру және 500 үймен кооперация құру жобасы әзірленген. Тиісті сала басшыларына бұл жобаны бақылауға алу, жалпы республика бойынша балық шаруашылығын дамыту жөнінде тапсырмалар берілді.

    Әндіжанда туризм саласының әлеуеті де жоғары. Ханабадтағы Кампировот, Бұлақбасындағы Ширмонбұлақ және Ходжаабадтағы Таш-ата махаллаларында туризм нысандарын құрып, саяхатшылар ағынын арттыруға мүмкіндік бар. Биыл бұл салада 125 миллион долларлық 25 жобаны аяқтап, 3,5 миллион шетелдік және отандық турист тарту, туризм экспортының көлемін 200 миллион доллардан асыру көзделіп отыр.

    Жиында инвестиция мен экспорт мәселелері де басты назарға алынды. Биыл шетелдік инвестиция көлемі 3,1 миллиард долларға жеткізіліп, 1 миллиард долларлық 23 ірі және 321 шағын және орта жоба іске қосылады деп жоспарланған. Сонымен қатар, экспортты 1,5 миллиард долларға, ал өнімдерді жергіліктендіру көлемін 10 триллион сумға дейін ұлғайту мүмкіндігі бар.

    Жыл сайын Әндіжаннан Қырғызстанға 200 миллион доллардың өнімі экспортталады. Шекарадан 5 мың долларлық тауарды қолмен алып өтуге рұқсат берілгені арқасында қосымша миллиондаған доллардың өнімі сатылып жатыр. Өзара сауданы кеңейту мақсатында «Қурғонтепа» және «Ходжаобод» аудандарында еркін сауда және өнеркәсіп аймақтарын құру ұсынылды.

    Сонымен қатар, облыстағы 360 бос және тиімсіз жатқан жылжымайтын мүлікті қолайлы шарттармен аукционға шығарып, кәсіпкерлік жобаларға жол ашу қажеттігі айтылды.

    Су ағымы жоғары арықтар мен каналдар бойында жалпы қуаты 75 мегаватт болатын шағын және микро су электр стансаларын салуға мүмкіндік бар. Мұндай жобаларға қатысатын кәсіпкерлерге 3 жыл жеңілдік кезеңімен, 7 жылға 12 пайыздық мөлшерлемемен несие беріледі.

    Құрылыс пен инфрақұрылымды дамыту бойынша да ауқымды жұмыстар жоспарда. Биыл облыста 9700 пәтерлік 245 көпқабатты үй салынып, бұл салада 10 мың адамның жұмыспен қамтылуы қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, мың шақырымнан астам жолдар мен көпірлер жөнделеді.

    Ханабад – Әндіжан магистральді су құбырының қуаттылығының жеткіліксіздігі салдарынан алты аудандағы 510 мың тұрғынға ауызсу жеткізуде қиындықтар туындауда. Осыған байланысты Азия даму банкінің қатысуымен бұл құбырдың екінші тармағын салу қажеттігі айтылды.

    Кеңесте көршілес мемлекеттермен байланыстыратын жолдардың өткізу қабілетін арттыру, сондай-ақ Әндіжан қаласы мен аудандар арасындағы қоғамдық көлікті дамыту туралы нақты тапсырмалар берілді.

    Әлеуметтік бағыттар халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді. Биыл облыста жоғары технологиялық хирургиялық ота жасау үлесі 40 пайызға жеткізілмек. Сонымен қатар, 15 мың техникум түлектерінің жұмыспен қамтылуы, 6 мың студенттің дуальды біліммен қамтылуы жоспарланған. Жоғары білім берудің инженерлік, медицина, экономика және аграрлық бағыттағы 4 бағдарламасы халықаралық аккредитациядан өтеді.

    Осы мақсатта медицина саласын және туризмді дамыту, махаллаларда тәулік бойы қызмет көрсететін жеке медицина пункттерін көбейту шаралары белгіленді.

    Белгілі болғандай, біліктілігі мен тәжірибесін арттырған мектеп директорларын ынталандыру жүйесі жолға қойылған. Енді бұл жүйе техникумдарға да енгізіледі.

    Мемлекет басшысының бастамасымен жыл сайын Бабыр шаһарында суретшілер фестивалі өткізіледі. Фестиваль жеңімпаздарына Президент сыйлығы ретінде жеңіл көлік табысталатыны жарияланды.

    — Бүгін біз Әндіжан дамуын жаңа кезеңге көтеру жолында ең маңызды міндеттерді айқындадық, барлық мәселелерді қамтып, облысқа қажетті қаржыны да шештік, – деді Шавкат Мирзиёев. – Егер бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып еңбек етсек, жетістіктеріміз еселеп артады. Біздің алға жетелейтін межеміз де, мақтаныш етер табысымыз да молая береді. Әндіжан бұрынғыдан да гүлденеді.

    Жиында Премьер-министрдің орынбасарлары, министрлер және басқа да жауапты тұлғалар өз бағыттары бойынша ақпарат берді. Облыс әкімі мен 16 қала-аудан басшысына халық пен кәсіпкерлердің үнін күнделікті тыңдап, қазіргі қарқынды сақтау, сондай-ақ әлемдік экономикалық тұрақсыздық жағдайында аса жауапкершілікпен әрекет ету керектігі ерекше атап өтілді.

    No date selected
    May 2025
    1
    2
    3
    4
    5
    6
    7
    8
    9
    10
    11
    12
    13
    14
    15
    16
    17
    18
    19
    20
    21
    22
    23
    24
    25
    26
    27
    28
    29
    30
    31
    Use cursor keys to navigate calendar dates