Бұл отбасыларда барлығы 22 жетім бала өсіп жатыр. Бастамашы – ауданның бас имамы Сохибжон Ахмедовтың айтуынша, жобаны жүзеге асыруда аудан әкімі Восилжон Назаров басшылық еткен. Кеше бұл үйлер салтанатты түрде иелеріне тапсырылды.

– Құрылыс жұмыстарының сапасын бақылау үшін ауданымыздың әкімі күнде келіп, бақылап барды. Асаршыларға қолдау көрсетіп, лайықты ынталандыру жасалды. Жаратушыға шүкір, бастаған игі ісіміз жақсы аяқталды. Осы жобаға атсалысқан, материалдық және рухани жағынан  қолдау көрсеткен барша жерлестерімізге алғыс айтамын, – деді Сохибжон Ахмедов.

Яқутхан апа Тешабаева 13 жыл бұрын күйеуінен айырылған. Төрт бала тәрбиелеп өсірген Яқутхан апа содан бері баспанасыз жүрген еді.

«Менде өте қиын күндер болды», - деді ол бізге. – 13 жыл бойы жалдамалы үйде тұрып, 4 сум ақшаны арттыра алмадым. Анамын ғой,  сеземін, балаларым маған айтпауға тырысатын, бірақ олар көшеде құрдастарының ортасында қымсынып өсті. Сабырлы болуда терең мағына бар екен: міне, қаншама жыл азап шегіп, жаңа қонысқа жеттік. Осы іске үлес қосқан қайырымды жандарға Алла разы болсын! Тапқаны тойларға бұйырсын!

Яқутхан апа және оның балаларына арналған  3 бөлмелі керемет үйде ұлттық стандартта: пеш, 30  құс өсіруге арналған тауықхана және шағын ауласы, тамарқасы - барлығы үй иелерінің әл-ауқатына септігін тигізеді.

  • Құрылған 8 үйде де осындай жағдай жасалған, – дейді жоба бастамашыларының бірі – YouTube желісіндегі «Iqro.uz» арнасының админи Носиржон Усманов. – Сонымен қатар, әр пәтер төсек-орыннан бастап, ыдыс-аяққа дейін қажетті жиһаздармен толық жабдықталған.

Және тағы 30 бас тауық, 500 кг-нан көмір, 1 айлық ет өнімдері үлестірілді. Жалпы, жаңа үйге қоныстанған 8 отбасының ешкімнен кем болмай жасауына барлық жағдай жасалған. Жобаны жүзеге асыруда ардақты ұстазымыз Сохибжон Ахмедов, Youtube арнамыздың қызметкерлері Шерали Махсудов, Шерәлі Сайдалиев және әлемнің түкпір-түкпірінен бізге келген жомарт жандардың қолдауы маңызды рөл атқарды.

Бағдад ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Жұмақтың 8 есігі» атанған бұл көшені асфальттау, әр пәтерге жеңілдікпен WI-FI орнату жұмыстары жүргізілуде.