Халықтың өмір сүру сапасы мен денсаулығында айрықша маңызға ие бұл салада жүйелі жұмыстар жалғасуда. Әлеуметтік және аумақтық бағдарламалар аясында көптеген нысандар бой көтеруде. Бүгінгі күнде елді мекендердің 81 пайызы ауыз сумен, ал 20 пайызы кәріз жүйесімен қамтылған.
Биыл 1619 шақырым ауызсу және 521 шақырым кәріз жүйесін тарту, сондай-ақ 162 нысанды салу және қайта жаңғырту жоспарланған. Нәтижесінде 715 мың адам алғаш рет орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылса, тағы 400 мың адам кәріз қызметімен қамтылады.
Сала жауаптылары осы бағыттағы жұмыстардың орындалу барысы бойынша ақпарат берді.
Халықаралық қаржы институттарының қатысуымен 21 жоба жүзеге асырылуда. Биыл жалпы құны 800 миллион АҚШ долларына тең жұмыстар атқарылып, 138 су нысанын іске қосу көзделген.
Азия даму банкі және Германия даму банкімен жобаларды алдын ала қаржыландыру бойынша тиімді тәжірибе енгізілген. Бұл тәсіл мердігер мен жобалаушы алдын ала таңдалатындықтан, нақты жұмыстардың басталуын жеделдетті. Болашақта барлық жобаларда осы тәртіпті қолдану орынды екені айтылды.
Су жүйесін цифрландыру үшін Азия даму банкінен 125 миллион доллар қаржы тартылған. Аталған жоба аясында бес жыл ішінде ірі су нысандары мен магистралдық құбырларға 4800 «ақылды» есептегіш пен шамамен 3000 телеметрия жүйесі орнатылады.
Салада халықаралық ынтымақтастық пен жеке серіктестік қарқынды дамып келе жатқанын ескере отырып, осы талаптарға сай келетін мамандарды даярлау қажеттігі атап өтілді.









