Газ қысымының төмен болуына байланысты ең алдымен тұрғын үйлер мен әлеуметтік сала нысандарын табиғи газбен үздіксіз қамтамасыз ету басым міндет ретінде белгіленген.

Осыған байланысты бүгін метан газ құю бекеттері тек әлеуметтік сала нысандарына қызмет көрсететін ұйымдар мен қоғамдық көлік үшін ғана жұмыс істейді, деп хабарлайды Энергетика министрлігі.

Мәліметке орай, бұл шаралар халық пен әлеуметтік сала нысандарын тұрақты газбен қамтамасыз етуге бағытталған.

Сонымен қатар биржа саудасына шығарылатын автобензин мен сұйытылған газдың (пропан) көлемі ұлғайтылып, олар жеткілікті мөлшерде жеткізіліп жатыр.

Жауапты тұлғалар жеке автозаправка бекеттерінің иелерінен бағаны жасанды түрде көтермеуді, сондай-ақ автожанармайдың сапасы мен мөлшері бойынша дұрыс сатуды сұрауда. Өкілетті ұйымдар тарапынан бақылау шаралары күшейтіліп, бағаның негізсіз көтерілуіне жол берілмейтіні атап өтілді.