Кейінгі жылдары Өзбекстанға келетін шетелдік туристер саны тұрақты түрде артып келеді. 2025 жылы бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда шамамен алты есе, ал туризм қызметтерінің экспорты он бір есе өсті. Сонымен қатар елімізде ірі халықаралық іс-шараларды өткізуге арналған заманауи инфрақұрылымға сұраныс артып отыр.

Жаңа кешен қаланың осындай ауқымды іс-шараларды қабылдау мүмкіндігін кеңейтеді. Конгресс-холл форумдар, жоғары деңгейдегі кездесулер мен басқа да ірі жиындарды өткізуге арналған.

Құны 60 миллион доллар болатын жоба аясында аумағы 14,5 мың шаршы метр ғимарат салынуда. Қазіргі уақытта негізгі бетондау жұмыстары аяқталып, сыртқы инженерлік желілерді тарту, қасбеті мен шатырын салу жұмыстары жалғасып жатыр.

Осы аумақта құны 37 миллион доллар болатын «Hilton Garden Inn» қонақүйі де бой көтеруде. Жеті қабатты, 212 бөлмелі қонақүйде жерасты автотұрағы қарастырылған. Ғимараттың негізгі қаңқасы аяқталып, қазір ішкі қабырғаларын тұрғызу, инженерлік желілерді тарту және қасбетін әрлеу жұмыстары жүргізілуде.

Тағы бір жоба – құны 39,6 миллион доллар болатын «Holiday Inn» қонақүйі. Бұл нысан да жеті қабатты, 212 бөлмелі болады. Оның жанынан екі қабатты бизнес-орталық салынуда. Қазір қонақүйдің шатырын монтаждау және ішкі қабырғаларын тұрғызу жұмыстары жүргізілсе, бизнес-орталықтың жертөлесінде бетондау жұмыстары аяқталуға жақын.

Мемлекет басшысы нысандардағы жұмыстармен танысып, олардың Бұхарада халықаралық іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуге және туристік қызметтер аясын кеңейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Бұл өз кезегінде халықтың табысын арттырып, өңір экономикасының одан әрі дамуына ықпал етеді.

Құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі сапа талаптарын қатаң сақтай отырып аяқтау жөнінде тапсырмалар берілді.