Іс-шараға ардагерлер, жастар мен қоғам белсенділері қатысты. Мемлекет басшысы жиналған қауымды құттықтап, Ташкент облысының тұрғындарымен тағы бір мәрте жүздесіп отырғанына қуанышты екенін айтты.

Жақын жылдарға дейін экономикалық және инвестициялық әлеуеті жоғары Ташкент облысының өз әкімшілік орталығы болмаған. Қысқа мерзім ішінде Нурафшан қаласы жаңадан бой көтеріп, мұнда заманауи әкімшілік, әлеуметтік және мәдени инфрақұрылым қалыптастырылды.

Қалада «Жаңа Өзбекстан» саябағы, «Отан қорғаушылар» саябағы, ерлігімен танылған өзбек әйелі Зүлфия Закироваға арналған мемориалдық кешен, гүлзарлар, жасанды көл, амфитеатр, субұрқақтар, кең жасыл аймақтар, велосипед және жаяу жүргінші жолақтары салынды.

– Мұндағы әрбір кәсіпорын, әрбір көше мен ғимарат, әрбір алаң мен саябақ – еңбекқор әрі отаншыл Ташкент облысының тұрғындарымен бірлескен еңбегіміздің нәтижесі, – деді Мемлекет басшысы.

Бүгінде Нурафшан қаласы Жаңа Өзбекстанның символына айналып келе жатқанн атап өтілді. Қаланың атауының өзі «нұр шашушы», «сәуле таратушы» деген мағынаны білдіретіндіктен, оның заманауи келбеті, даму қарқыны, басқару жүйесі мен адамға деген құрметі өзгелерге үлгі болуы тиіс екені айтылды.

Сондай-ақ Нурафшан Өзбекстанда «ақылды қала» тұжырымдамасы негізінде салынып жатқан алғашқы қала ретінде тарихқа еніп отыр. Мұнда цифрлық басқару, интеллектуалды көлік жүйесі, энергия үнемдейтін технологиялар, мәдени нысандар мен экологиялық инфрақұрылым біртұтас жүйеге біріктірілуде.

Мемлекет басшысы Нурафшанды ғылым, жоғары технологиялар және жастардың қаласына айналдыру басты мақсаттардың бірі екенін жеткізді. Осы бағытта мың орындық мәдениет сарайы, Көркемөнер академиясының облыстық бөлімшесі, Жасанды интеллект орталығы, ақпараттық-ресурстық кітапхана және кәсіптер орталығын қамтитын заманауи «Жастар қалашығы» салынуда.

Сол күні аумағы 35 гектарды қамтитын Болашақ технологиялары орталығының құрылысының да іргетасы қаланды. Бұл кешен елдегі жасанды интеллект пен цифрландырудың негізгі орталығына айналып, онда ғылыми-зерттеу орталықтары мен жоғары технологиялық зертханалар жұмыс істейтін болады.

 «Нурафшан бизнес сити» жобасы аясында әкімшілік, бизнес, білім беру, медицина, мәдениет және тұрғын үй аймақтары кешенді түрде дамытылуда. Соның ішінде 700 орындық көпсалалы медициналық орталықта телемедицина мен роботтандырылған технологиялардың көмегімен 60-тан астам жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсету жоспарланған.

Шығыс базары, қолөнершілер көшесі, ұлттық павильондар, амфитеатр және заманауи демалыс орындарын біріктіретін туристік-мәдени кешен де Нурафшанның басты көрікті нысандарының біріне айналмақ.

Айтулы шарада Ташкент облысының ел экономикасындағы маңызды рөлі де ерекше аталды. Қазіргі таңда Өзбекстанның жалпы ішкі өнімінің шамамен 10 пайызы осы өңірдің үлесіне тиесілі. Соңғы бес жылда облысқа 16 миллиард АҚШ доллары көлемінде шетелдік инвестиция тартылып, шетел капиталы қатысатын кәсіпорындар саны 3 мыңға жуықтады, ал экспорт көлемі 3 миллиард долларға жақындады.

Мемлекет басшысы сондай-ақ Ташкент облысын елордамен бірыңғай экономикалық және көлік кеңістігі ретінде дамыту жөніндегі жаңа жобаларға тоқталды. Атап айтқанда, Ташкент пен Нурафшанды байланыстыратын қоғамдық көлік бағыттары кеңейтіліп, осы бағытта заманауи пойыз қатынасын іске қосу жоспарланып отыр.

– Қадірлі Ташкент облысының белсенділері, кәсіпкерлері, фермерлері, зиялы қауымы, ақсақалдары мен жалынды жастары! Біз бәріміз бірге осы өңірді одан әрі гүлдендіріп, оны еліміздің дамуының берік тірегіне айналдырамыз.

Мен бұған кәміл сенемін және Президент ретінде бүкіл халқымызбен қатар Ташкент облысының тұрғындары да бейбіт, бақуатты әрі бақытты өмір сүруі үшін барлық күш-жігерімді жұмылдыра беремін, – деді Мемлекет басшысы сөзінің соңында.

Кездесу мәдени бағдарламамен жалғасты.

Осыдан кейін Мемлекет басшысының Нурафшан қаласына сапары аяқталып, Президент Ташкентке қайтып оралды.