Бүгінде Өзбекстанда 130-дан астам ұлт пен этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді, 157 ұлттық-мәдени орталық жұмыс істейді. Бұл алуан түрлілік – ғасырлар бойы қалыптасқан бірегей әлеуметтік құбылыс.
Елімізде ұлттық мәдениеттерді дамыту, ұлтаралық келісімді сақтау және нығайту, сондай-ақ жас ұрпақты кеңпейілділік пен ынтымақ рухында тәрбиелеу мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде үнемі назар аударылып келеді.
Достық саябағы мен Ұлтаралық қатынастар және шет елдермен достық байланыстар комитеті ғимаратына іргелес аумақта салынған, жиырма екі ұлттың өзіндік сәулеті көрініс тапқан павильон – осы қамқорлықтың жарқын дәлелі.
Мұнда қазақ, қырғыз, түркімен және башқұрт киіз үйлері, сондай-ақ кәріс, беларусь, украин, грек, неміс, дүнген, поляк, еврей, грузин, армян, татар және қырым-татар, ұйғыр, түрік, тәжік, қытай, орыс және әзербайжан халықтарының екі қабатты достық үйлері орналасқан.
Ішкі безендіру әр халықтың ұлттық дәстүріне сай жасалған. Экспозицияларда ұлттық киімдер, музыкалық аспаптар, қолданбалы өнер туындылары, тарихи макеттер мен мәдени мұраны бейнелейтін көптеген жәдігерлер қойылған.
Бүгін павильонда Наурыз мерекесінің ерекше рухы сезіледі. Өйткені Наурыз – бірлікке, жаңаруға және ізгілікке үндейтін ұлы мереке.
Мемлекет басшысы әрбір ұлттық павильонның жұмысымен танысып, қатысушылармен ашық әрі шынайы сқхбат құрды.
Кездесулер барысында ұлттық-мәдени орталықтардың жалпы халықтық мерекелерді жоғары деңгейде өткізуге қосып отырған үлесі ерекше атап өтілді. Түрлі ұлт өкілдерінің жоғары отаншылдығы мен жанқияр еңбегі арқылы еліміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға қосқан үлесі үшін алғыс айтылды.
Мемлекет басшысы павильон қонақтарына арналған көркем бағдарламаны тамашалап, ұлттық мәдени орталық өкілдерімен бірге естелік суретке түсті.