Бұл – елімізде жастар саясатына қатысты қабылданып отырған алғашқы кешенді стратегия болып, Жаңа Өзбекстанды құруда жастардың рөлі мен әлеуетін толық ашуға бағытталған.

Бүгінде ел халқы 38 миллионға жетсе, соның 9,5 миллионы немесе шамамен 25 пайызы – 14-30 жас аралығындағы жастар. Жыл сайын 270 мыңға жуық жас отбасы құрылады. Мұндай демографиялық үрдіс жастар саясатына ұзақ мерзімді әрі жүйелі көзқарасты талап етеді.

Стратегияда жастарды жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті қолдау, сапалы әрі инклюзивті білім беруді дамыту, шетел тілдерін кеңінен енгізу, еңбек нарығын ынталандыру, жас отбасыларды қолдау, мәдени және рухани дамуды күшейту, волонтерлік қозғалысты кеңейту, жастардың денсаулығын нығайту, сондай-ақ ашықтық пен қатысу тетіктерін жетілдіру секілді басым бағыттар айқындалған.

Таныстырылымда 2030 жылға дейінгі негізгі мақсатты көрсеткіштер қатарында жыл сайын 600 мың жасты жұмыспен қамту, 900 мың жасты волонтерлік қызметке тарту, оқу орталықтарының санын 90 мыңға жеткізу, 450 мың жастың шетел тілін B2 деңгейінде меңгеруін қамтамасыз ету, жастар қылмысын азайту және жыл сайын кемінде 10 мың жас отбасын ипотека арқылы қолдау көзделген. Білім беру саласында жастардың сапалы білім алуына жағдай жасау, жекеменшік білім беру қызметтерін қолдау, шалғай өңірлердегі оқу орталықтарының мүмкіндіктерін кеңейту және шетел тілдерін меңгеруді ынталандыруға бағытталған жаңа жеңілдіктер қарастырылған.

Атап айтқанда, шалғай өңірлерде оқу орталықтарын ашуға 300 миллион сумға дейін жеңілдетілген несие беру, әлеуметтік салық пен оқытушылар табыс салығын 1 пайыз деңгейінде белгілеу қарастырылған. Сондай-ақ B2 деңгейіне жеткен жастарға шетел паспорты үшін бажды азайту, ал C1 деңгейі мен кәсіпкерлік бастамалар үшін кейбір мемлекеттік қызмет төлемдерін 50 пайызға дейін қысқарту ұсынылып отыр.

Стратегияда жас отбасыларды қолдау мәселесіне де ерекше назар аударылған. Ипотекалық бағдарлама аясында несие бойынша Орталық банк мөлшерлемесінің жоғары бөлігі субсидияланып, осылайша тұрғын үй мәселесінде жас отбасыларға қосымша жеңілдіктер жасау көзделуде.

Әлеуметтік белсенділікті арттыру мақсатында волонтерлік қор арқылы 100 миллион сумға дейін гранттар бөлу, белсенді жастарды мемлекеттік ұйымдарда ақылы тәжірибеден өткізу, дарынды шығармашыл жастарға Президент сыйлығын тағайындау, сондай-ақ кітаптар мен book-кафелер шоғырланған «Жастар көшелерін» қалыптастыру жоспарланған. Сонымен қатар жастар инфрақұрылымының ең төменгі стандарттары белгіленіп, әр өңірден «жастарға арналған аудан-қалалар» іріктеліп, осы стандарттарды енгізудің үлгісі жасалады.

Жастар денсаулығын нығайту, психологиялық қолдау жүйесін дамыту да стратегияда қамтылған. Атап айтқанда, психологиялық қауіп тобындағы жастар үлесін 40 пайызға азайту, тәулік бойы жұмыс істейтін байланыс орталығын құру және спортпен шұғылданатын жастар санын 25 пайызға арттыру көзделген.

Жастар саясаты аясында ашық диалог пен объектив талдау жүйесін күшейту мақсатында Жастар мәселелерін зерттеу және перспективалы кадрларды даярлау институты жастардың қажеттіліктері мен күтулеріне қатысты әлеуметтік сауалнамалар жүргізіп, Ұлттық жастар индексін қалыптастырады. Жастардың өтініштерімен жұмыс істеуге басымдық беріліп, әр бейсенбі сайын жастармен тұрақты кездесулер ұйымдастырылады.


Халықаралық ынтымақтастықты дамыту да стратегияның маңызды бағыттарының бірі ретінде белгіленген.

Осы мақсатта халықаралық форумдар, жаһандық бастамалар, ұрпақтар диалогы, Халықаралық жастар конгресі сияқты жаңа форматтар енгізіліп, 12 тамыз – Халықаралық жастар күні аясында ірі іс-шаралар өткізу, сондай-ақ 100 мың өзбекстандық жастың халықаралық бағдарламаларға қатысуын қамтамасыз ету жоспарланған. Сонымен қатар Біріккен Ұлттар Ұйымы, Дүниежүзілік банк және ЕҚҚБ секілді халықаралық ұйымдармен «Junior Professional Officer» бағдарламасы аясында тағылымдамалар ұйымдастыру көзделген.

Стратегияны 2026–2027 жылдары жүзеге асыру үшін 7 бағыт бойынша 56 жоба іске асырылады. Соның ішінде «Жаңа буын кәсіпкерлері» бағдарламасы аясында Гарвард, Стэнфорд, MIT, Лондон бизнес мектебі секілді беделді оқу орындарымен бірлесіп 20 мың жасты оқыту, 1 мың бизнес-жобаны іріктеп, оларды 3 жылға дейін базалық есептік мөлшердің 500 есесіне дейінгі несие арқылы қолдау көрсету жоспарланған. Сондай-ақ жас кәсіпкерлерге инженерлік инфрақұрылымдарға қосылу шығындарын ішінара өтеу тетігі енгізіледі.

Республика көлемінде «Өзбекстан жастарды сүйеді!» жобасы, «Hayot Fest» жастар фестивалі, «Talaba Fest» және «Talaba Expo 2026» сияқты ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып, Робототехника қауымдастығының қызметі қолдауға ие болады.

Мемлекет басшысы жастар саясатына қатысты барлық бастамалар мен шаралар, ең алдымен, жас ұрпақтың білімді, дені сау, бастамашыл әрі отаншыл болып қалыптасуына, олардың қоғамда лайықты орын табуына қызмет етуі тиіс екенін атап өтті. Стратегияны тиімді іске асыру үшін жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктелді.