Бұл кешен Мемлекет басшысының 2020 жыл 28 қаңтарында қабылданған қаулысына сәйкес ұйымдастырылып, сол жылдың 17 сәуірінде іргетасы қаланған еді.
Кластердің бірінші кезеңінде 20 гектар аумақта технопарк салынуда. Оған әкімшілік орталық, зерттеу және дамыту орталығы (R&D), фармацевтикалық өнімдердің қауіпсіздігін зерттейтін зертхана, клиникалық зерттеу орталығы, Фармацевтикалық техникалық университет және виварий кіреді.
Бүгінде әкімшілік орталықтың құрылысы аяқталған. 11 қабатты бұл ғимаратта Фармацевтиканы дамыту агенттігі, конференция залы, коворкинг орталығы, бизнес-инкубатор, кітапхана және фармацевтика тарихының мұражайы орналасқан.
Мемлекет басшысы осы орталық пен келесі нысандардың құрылысымен танысты.
Кластердің негізгі мақсаты – жоғары технологияларды енгізу арқылы фармацевтикалық саланы дамыту, халықаралық инновациялық жүйеге интеграциялану, сапалы дәрі-дәрмек, медициналық бұйымдар және техникалар өндіру, сондай-ақ білікті мамандар даярлау. Осы мақсатта Ташкент облысының «Зеңгіата» ауданынан 190 гектар жер бөлінген.
Қазіргі таңда кластердің өндірістік аймағында жалпы құны 818 миллион долларды құрайтын 21 жоба жүзеге асырылуда. Солардың алғашқысы – «Grand Pharm Logistics Hub» компаниясының 40 миллион долларлық дистрибуция орталығы іске қосылды, нәтижесінде 300 жұмыс орны ашылды. Жобалар Түркия, Үндістан, Қытай, Малайзия, Біріккен Араб Әмірліктері және Ресей елдерінің серіктестігімен жүзеге асырылуда.
Мемлекет басшысы осы жобалардың бастамашыларымен сұхбаттасып, инвестиция тарту және қолдау жұмыстарының жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.
Болашақта мұнда тағы 620 миллион долларлық 20 жоба іске асуы жоспарланған.
Жалпы алғанда, кластерде жоғары сапалы дәрі-дәрмектер мен медициналық өнімдер өндіріледі, импортталатын тауарлар жергіліктендіріледі, 8 мың жұмыс орны ашылады. Қажетті тәжірибе орталығы (GxP) өнімнің өндірісінен бастап тұтынушыға жеткізілуіне дейінгі барлық кезеңдерде халықаралық стандарттарға сәйкестікті және сапаны қамтамасыз етуге көмектеседі.
Мемлекет басшысына осы жерде салынатын Фармацевтика техникалық университеті туралы ақпарат берілді.
Университетте фармакопея орталығы, кітапхана, спорт кешені, оқытушылар мен шетелдік мамандарға арналған тұрғын үй болады. Өндірістік фармация, биохимия және биомедицина, биотехнология, биофармацевтика, биоинформатика сияқты бағыттарда жоғары білікті мамандар даярланады. Бұл үшін білім беру халықаралық бағдарламалар негізінде ұйымдастырылып, микробиология, биотехнология, жасуша биологиясы, фармакология, аналитикалық химия сияқты зертханалар құрылады.
Университетке осы оқу жылында алғашқы студенттер қабылданды. Президент олармен сұхбаттасты.
– Біз дамыған елдерден инвесторларды тартып жатырмыз. Олар Өзбекстанға қалай баға береді? Сіздермен сөйлесу арқылы. Біздің ең үлкен байлығымыз – жастар! Егер фармацевтика саласында үздік бағдарламаларды қолданып, болашаққа мамандар даярламасақ, өзгелерге ақша төлеп, тәуелді болып қаламыз. Сондықтан заманауи университет құрып, дуальды білім беру жүйесін енгізудеміз. Бұл жерде білім алып қана қоймай, алған білімдеріңізді практикада қолдану мүмкіндігіне ие боласыздар, – деді Шавкат Мирзиёев.
Университет түлектері Кореяның Ёнсе, Ұлыбританияның Сандерленд және Де Монтфорт университеттерінің халықаралық деңгейде мойындалған дипломдарын алады. Сондай-ақ, оқу орны Данди, Пусан және Пердью университеттерімен ғылыми серіктестік орнатқан.