«Узбекнефтгаз» акционерлік қоғамының төрағасы биылғы жылы атқарылған жұмыстар және 2025 жылға арналған басым бағыттар туралы ақпарат берді.

Айтылғандай, салада шетелдік компаниялармен бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Олардың қатысуымен келесі жылы газ өндіру көлемін тұрақтандыруға арналған жобалар әзірленді. Атап айтқанда, заманауи технологиялар көмегінде, жаңа өндіру ұңғымалары бұрғыланып, ескілері жөндеуден өтеді.

Саладағы басты мәселе – геологиялық барлау жұмыстарына ұзақ жылдар бойы тиісті деңгейде көңіл бөлінбеуі. Нәтижесінде кейбір кен орындарының пайдалану мерзімі аяқталып, енді біреулерінің тиімділігі төмендеген. Осы себепті заманауи технологиялар әкелініп, 15 жаңа мүмкіндігі мол алаңда геологиялық барлау жұмыстары басталады. Сейсмикалық барлау аймағы 6,5 мың шаршы шақырымға кеңейтіледі.

Жауапты тұлғаларға ірі шетелдік компаниялар мен сарапшыларды тарта отырып, геологияны дамыту және жаңа кен орындарын игеру бойынша 2025 жылға арналған бағдарлама әзірлеу тапсырылды.

«Узбекнефтгаз» компаниясында трансформация жалғастырылып, өнімнің өзіндік құнын төмендету және халықаралық несие рейтингін жақсарту міндеті қойылды. Атап айтқанда, келесі жылы өндіріс және геологиялық барлау жобаларын қаржыландыру үшін халықаралық көздерден қаражат тарту жоспарланған.

Мемлекет басшысы салада инвестициялар және жаңа технологиялармен қатар кадр мәселесінің де маңызды екенін атап өтті. Оқыту сапасын арттыру, заманауи мамандар дайындау және шетелде жұмыс істеп жүрген білікті отандастарды елге шақыру бойынша тапсырмалар берілді.