Кедей және кедейлікке ұшырау қаупі бар отбасыларды анықтау, оларға көрсетілетін әлеуметтік көмек пен қызметтерді халықтың нақты қажеттіліктерінен туындай отырып, бірыңғай жүйе негізінде ұйымдастыру бағытындағы жұмыстар қаралды.
Өткен кезеңде Әлеуметтік қорғаудың бірыңғай тізілімі аясында 1,8 миллион отбасының әлеуметтік жағдайы бағаланып, 739 мың отбасы, соның ішінде кедей және кедейлік шегіндегі отбасылар тізіміне енгізілді. Оларға жәрдемақылар мен материалдық көмек тағайындалды.
Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жетілдіру мақсатында Әлеуметтік қорғаудың бірыңғай тізілімі мен Кедей отбасылар тізімі негізінде Әлеуметтік тізілім жүргізіледі. Онда отбасылар әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарай жеке санаттарға — мемлекет қамқорлығындағы отбасылар, кедей отбасылар және кедейлік шегіндегі отбасылар ретінде бөлініп, әрбір санатқа сәйкес көмек пен қызметтер көрсетіледі.
Әлеуметтік қолдау шаралары халықтың табыс деңгейі мен жұмыспен қамтылу мүмкіндіктерін ескере отырып, дифференциалды тәсіл негізінде жүзеге асырылады.
Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі жекелеген санаттағы отбасылар үшін еңбек ету талабын қоймай-ақ әлеуметтік көмек көрсету жүйесі енгізіледі. «Махалла жетілігіне» еңбек ету мүмкіндігі шектеулі және өмірлік жағдайы ауыр болған отбасыларды Әлеуметтік тізілімге енгізу құқығы беріледі.
Сондай-ақ тізілімге енгізілген отбасылардың табысын арттыру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, тұрғын үй және өзге де бағыттар бойынша әлеуметтік қызметтер көрсету, еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамту әрі кәсіпкерлікке бағыттау шаралары қабылданады.
Өңірлерде мұқтаж халыққа кешенді әлеуметтік және реабилитациялық қызметтер көрсетуді кеңейту мақсатында аумақтық әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарын құру ұсынылды. 2026–2027 жылдары осындай 20 орталық ашу жоспарланып отыр. Орталықтарда қарау, күтім жасау, абилитация, реабилитация және білім берумен байланысты кешенді қызметтер көрсетіледі.
Аталған орталықтар арқылы мүгедектігі бар адамдарды, өзге біреудің күтіміне мұқтаж азаматтарды және жалғызбасты тұлғаларды қамту, күндізгі қызметтер есебінен олардың әлеуметтік мекемелерге тұрақты орналастырылуын қысқарту көзделген.
Сонымен қатар қызметтерді пайдалану үдерістерін цифрландыру, электронды жолдамаларды енгізу және көрсетілетін қызметтерге мониторинг жүргізу қарастырылған.
Мемлекет басшысына 2026–2030 жылдарға арналған балаларды зорлық-зомбылықтың барлық түрінен қорғау стратегиясы туралы ақпарат берілді.
Стратегияның басты мақсаты — балалар үшін зорлық-зомбылықсыз, қауіпсіз орта қалыптастыру, қауіп төнген балаларды ерте анықтау, сондай-ақ жәбірленуші немесе куә болған балаларға кешенді қызметтер көрсету.
Атаулы құжат аясында балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, қауіп тобына жататын балалармен ерте кезеңде жұмыс жүргізу, балалар мен олардың отбасыларына әлеуметтік, психологиялық, білім беру және құқықтық қызметтер көрсету басым бағыттар ретінде белгіленген.
Стратегияда балалармен жұмыста әлеуметтік тәсілге негізделген шағын көлемді, ашық форматтағы орталықтардың қызметін жолға қою, әрбір бала бойынша жеке жұмыс жоспарларын қалыптастыру, баланың білім алуы мен қоғамға интеграциялануына бағытталған шаралар көзделген.
Сондай-ақ балалардың құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында процестік әрекеттерде балалар мүддесін кепілдендіру, балалармен жұмыс істейтін мамандарды арнайы даярлықтан өткізу және балаларға қатысты істерде ведомствоаралық ынтымақтастықты күшейту міндеттері айқындалған.
Стратегия шеңберінде әлеуметтік қатер тобына жататын балаларды біліммен қамту мүмкіндіктерін кеңейту, баламалы орналастыру тетіктерін дамыту, кәсіби бағдар беру және балаларды қоғамға бейімдеу шаралары да қарастырылған.
Отбасылармен жұмыс бағыты бойынша баланың зорлық-зомбылыққа ұшырау қаупін төмендету, ата-аналарды қолдау, психологиялық және әлеуметтік қызметтерді ұйымдастыруға қатысты жеке міндеттер белгіленген.
Сонымен бірге балаларды әлеуметтік қорғау саласындағы деректерді бірыңғай электронды платформа негізінде жүргізу, балаларға қатысты зорлық-зомбылық жағдайлары бойынша біртұтас есеп пен мониторинг жүйесін енгізу стратегияның маңызды бағыттарының бірі ретінде айқындалды.
Президент белгіленген міндеттерді орындауда әлеуметтік қорғау және балаларды қорғау салаларында жүйелі әдісті қамтамасыз ету, көзделген шаралардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстау жөнінде жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.