Бүгінде Өзбекстанда картопқа деген сұраныс 4 миллион тоннаға жуықтады. Сондықтан 80 пайыздан астамы республикада өндірілсе, қалғаны импортпен толтықтырылады.
Себебі, салада бірнеше мәселе бар. Мысалы, бүгінде картоп 253 мың гектарға егілсе, орташа өнім 163 центнерді құрап отыр. Бұл басқа елдермен салыстырғанда өте төмен көрсеткіш.
Тағы бір үлкен мәселе – тұқым шаруашылығына байланысты. Тұрғындар мен шаруа қожалықтары элиталық және R1 тұқымының орнына импорттық немесе жергілікті сапасыз картоп егіп жатыр. Жоғары өнімді картоп тұқымын өсіретін егістік алқаптары мен жылыжайлар, оларды сақтайтын қоймалар жеткіліксіз. Өнімділіктің төмендеуіне әкелетін вирустық және бактериялық ауруларды тексеретін зертханалар жоқ.
Жиында осы өзекті мәселелерді шешу, картоп өндірісі мен оның тұқымын дамыту бойынша ұсыныстар талқыланды.
Бүгінгі таңда картоптың ұлттық генофондында 250 түрлі сорт болса, 4 кәсіпорын мен ғылыми-зерттеу институты 27 сорттан ұлттық тұқым жасау жұмыстарын бастады.
Солардың бірі – Самарқандтағы Өзбекстан-Корея бірлескен кәсіпорны. Оның мүмкіндіктерін кеңейту үшін бірінші кезеңде «Булунғур», «Тойлок» және «Самарқанд» аудандарынан 500 гектар, екінші кезеңде Ташкент облысының «Бостандық», Жызақ облысының «Бахмал» және «Замин», Қашқадария облысының «Китаб» және «Шахрисабз» аудандарынан 2 мың гектар жер бөлу жоспарлануда.
Тұқым шаруашылығын дамыту үшін Самарқанд қаласындағы көкөніс, күріш дақылдары және картоп ғылыми-зерттеу институты жанынан «Green Korea Agro Invest» кәсіпорнында 4 гектар жерге жылыжай мен тоңазытқыш қоймалар салу жоспарланған. Бұл жобалар Дүниежүзілік банктің қаражаты есебінен қаржыландырылады және «in vitro» әдісімен картоп тұқымын өсірудің толық циклі құрылады.
Сондай-ақ Ташкент мемлекеттік аграрлық университетінің Самарқанд филиалында «ғылым – білім – өндіріс» қағидасы бойынша картоп тұқымын өсіру орталығы құрылады. Жасырын вирустық аурулар мен картоптың сапа көрсеткіштерін анықтау үшін құны 4 миллион доллар болатын зертхана іске қосылады.
Осындай шараларды жүзеге асыру нәтижесінде 2025 жылдан бастап картоп тұқымына ішкі сұраныс толығымен қанағаттандырылатыны айтылды.
Мемлекет басшысы бұл ұсыныстарды мақұлдап, картоп тұқымын өндіру көлемін ұлғайту және оның сапасына кепілдік беру жөнінде тапсырмалар берді.
Ауыл шаруашылығы министрлігіне 500 тонна элиталық картоп тұқымын 1700 тұрғындар ауласына тегін тарату, картоп өсірушілерге жеңілдікпен қаражат бөлу міндеті жүктелді.