Қазіргі таңда креативті экономика көптеген елдерде экономикалық өсімнің негізгі драйверлерінің біріне айналып отыр. Әлемдік жалпы ішкі өнімнің 3–7 пайызы осы салаға тиесілі. Елімізде 2024 жылы креативті экономиканың ЖІӨ-дегі үлесі 3,7 пайызды немесе 56,8 триллион сумды құрады, экспорт көлемі 770,6 миллион долларға жетті, салада 319 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.
Халықтың 60 пайыздан астамы жастар екені, цифрлық инфрақұрылымның жедел дамуы және мәдени мұрамыздың бай екені бұл салада «үлкен серпіліс» жасауға берік негіз болып отырғаны атап өтілді.
Осыған орай 2024 жылы креативті экономика туралы арнайы заң қабылданып, саланың құқықтық негізі қалыптастырылды. Креативті индустрия паркі құрылып, оның резиденттері үшін арнайы салық режимі енгізілді. Атап айтқанда, табыс салығы мен әлеуметтік салық мөлшерлемесі 12 пайыздан 6 пайызға дейін төмендетілді. Сондай-ақ сала кәсіпкерлеріне бірқатар басқа да жеңілдіктер берілді.
Осы шаралардың нәтижесінде 2030 жылға дейін креативті экономиканың ЖІӨ-дегі үлесін 5 пайызға немесе 145 триллион сумға жеткізу, экспорт көлемін 1 миллиард долларға шығару, саладағы жұмыспен қамтылғандар санын 500 мыңнан асыру көзделген.
Таныстырылымда Ташкент қаласында орналасатын Креативті индустрия паркінің тұжырымдамасы қаралды. Онда жасыл саябақ, арт-нысандар, халықаралық бағдарламалау желісінің Ташкент мектебі, кітап-кафе, спорт алаңдары, шығармашылық павильондар, коворкинг орталығы мен кеңселер, кино және бейнеөндіріс алаңдары, дыбыс жазу студиясы, креативті индустрия кампусы және жастар мен шығармашылық өкілдеріне арналған қонақүй салу көзделген. Жоба мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде жүзеге асырылады.
Сондай-ақ Жаңа Ташкент аумағында және Нөкіс қаласында креативті парктер ашу жоспарланған.
Жаңа Ташкентте креативті парк резиденттері үшін жалға берілетін алаңдар, студиялар, медиа және конференция залдары, сауда және қызмет көрсету нысандары орналасады. Ал Нөкіс қаласындағы саябақта қолданыстағы павильон қайта жаңғыртылып, көпфункциялы қоғамдық-мәдени орталыққа айналдырылады.
Нөкіс қаласындағы креативті парк жобасының ерекшелігі – онда Өзбекстанның «ЭКСПО-2025» көрмесіндегі ұлттық павильоны орналастырылып, жанынан заманауи кітапхана салынуы.
Сонымен қатар таныстырылымда республикадағы мәдениет орталықтарының қызметі сыни тұрғыда талданды.
Бүгінде республикадағы 800-ден астам мәдениет орталығының жартысынан көбі жөндеуге мұқтаж. Көптеген орталықтардың әлі де ескіше жұмыс істеп, негізінен мерекелік іс-шаралар өткізумен ғана шектеліп отырғаны айтылды.
Осыған байланысты мәдениет орталықтарын заманауи үлгіде дамыту бойынша пилоттық жоба әзірленді. Жоба Ташкент, Қоқан, Бұхара және Самарқандтағы 4 орталықты қамтиды. Алғашқысы Ташкент қаласындағы «Гулшан» мәдениет орталығы негізінде ұйымдастырылып отыр. Мұнда «мәдениет – білім – демалыс – байланыс» тізбегі негізінде түрлі бағыттағы клубтар, шеберханалар, студиялар мен үйірмелер ашылады.
Таныстырылымда Ұлыбританияның Корольдік қоры мектебінің тәжірибесі негізінде Ташкент қаласында Дәстүрлі өнер жоғары мектебін ашу жоспары да қаралды.
Аталған оқу орны қолөнер және кірпіш қалау, сәндік безендіру, ағаш ою, сәулеттік каллиграфия, геометриялық және биоморфтық өрнек бағыттары бойынша бакалавриат және магистратура бағдарламаларына студенттерді қабылдайды. Оқыту ағылшын тілінде жүргізіледі, екі жылдық бағдарлама негізінде мамандар даярланады. 2027 жылы 50 маман даярлау, 2031 жылға қарай жылына 80 маман дайындау межесіне жету жоспарланған.
Сондай-ақ таныстырылымда Ұлттық реставрация институтын ашу, Самарқанд қаласындағы Бибіханым мешітін қалпына келтіру, «Түркістан» жазғы амфитеатрын жөндеу жобалары қаралды. Жобалау және реставрация жұмыстарын ЮНЕСКО-мен толық келісім аясында жүргізу қажеттігі атап өтілді.
Мемлекет басшысы креативті экономиканы дамыту тек мәдени емес, сонымен қатар экономикалық тұрғыдан да стратегиялық маңызды екенін атап өтіп, белгіленген жобаларды сапалы жүзеге асыру жөнінде тапсырмалар берді.