Биыл еліміздің өңірлері мен экономиканың түрлі салаларына 50 миллиард доллардан астам инвестиция тарту, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар құрылысына 24 триллион сум көлемінде бюджет қаражатын бағыттау, сондай-ақ мемлекеттік сатып алулар аясында 300 триллион сумнан астам тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу жоспарланған. Мұндай ауқымды жобаларды іске асыруда оларды сараптамадан өткізу жүйесінің жедел әрі сапалы жұмыс істеуі ерекше маңызға ие.

Сонымен қатар қолданыстағы тәртіп бұл талаптарға толық жауап бермейтіні, кәсіпкерлер мен инвесторлар тарапынан елеулі сын-ескертпелер туындап отырғаны атап өтілді. Мәселен, өткен жылы сараптамаға түскен 7 мың 750 құжаттың бірқатары ұзақ уақыт қаралған. Кей жағдайларда жобалар аса маңызды емес кемшіліктерге байланысты бірнеше мәрте қайта өңдеуге жіберілген.

Осыған байланысты Президенттің жарлығымен Жобалар мен импорт шарттарын кешенді сараптау орталығы жаңадан құрылған Өндіріс кооперациясы және мемлекеттік сатып алулар агенттігі құрамына беріліп, оның қызметін түбегейлі трансформациялау міндеттемелері белгіленді.

Таныстырылым барысында саладағы өзекті мәселелер мен оларды шешуге бағытталған ұсыныстар жан-жақты қаралды.

Атап өтілгендей, орталық қызметінің толық цифрландырылмауы және тәуекелдерді талдау тәсілінің болмауы бір қызметкерге түсетін операциялық жүктеменің шамадан тыс артуына себеп болып отыр. Орталықта 130 қызметкер жұмыс істегенімен, тәуекелі төмен және стратегиялық маңызы бар жобалар ажыратылмағандықтан, әр қызметкерге екі күнде орта есеппен бір жоба қарауға тура келеді.

Сараптамаға ұсынылатын құжаттардың едәуір бөлігі құны салыстырмалы түрде төмен жобалардан тұрады. Бұған қоса, бұрын қаралған жобаларға ұқсас құжаттар да қайтадан толық тәртіпте қаралып, артық уақыт пен ресурстың жұмсалуына алып келіп отырғаны айтылды.

Таныстырылымда орталық қызметіне озық халықаралық тәжірибелер мен заманауи басқару тетіктерін енгізу ұсынылды.

Атап айтқанда, жобаларды қарау кезінде олардың тәуекел деңгейі мен құнына қарай сараланған тәртіп енгізу ұсынылды. Осыған сәйкес жоба алдындағы құжаттарды сараптамадан өткізу кезінде техникалық тапсырмалар қаралмайды, тек құны 15 миллион доллардан асатын корпоративтік және бюджеттік жобалар ғана сараптамадан өтеді.

Ірі және мегажобаларды параллель сараптамадан өткізу, бұрынғы жобаларға ұқсас ұсыныстар түскен жағдайда оларды жеделдетілген тәртіппен қарау, физикалық және моральдық тұрғыдан ескірген жабдықтарды жеңілдетілген сараптама арқылы өткізу, сондай-ақ бенчмаркинг әдісін қолдану бастамалары да ұсынылды. Бұл шаралар сараптама процесін оңтайландырып, орталықтың негізгі назарын стратегиялық маңызы бар ірі инвестициялық жобаларға шоғырландыруға мүмкіндік береді.

Таныстырылымда сараптама процесіне қатысушылар үшін ынталандыру механизмдерін енгізу мәселесі де қаралды. Атап айтқанда, жобалар алғашқы кезеңнің өзінде оң қорытынды алса немесе көрсетілген ескертулер белгіленген мерзімнен бұрын жойылса, тапсырыс берушілерді ынталандыру, сараптама рәсімдерін жеделдету және жеңілдіктер беру сияқты шаралар ұсынылды.

Сондай-ақ орталық қызметін цифрландыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл мақсатта салық және кеден органдары, ұлттық статистика жүйесі, экология мен климатқа қатысты деректер базасы, құрылыс ресурстарының ұлттық классификаторы және мемлекеттік сатып алудың электрондық жүйелерімен біріктірілген бірыңғай ақпараттық платформа құру жоспарланып отыр. Аталған платформа арқылы жобаларға қатысты құжаттар онлайн форматта әзірленіп, тауарлар мен қызметтердің бағасы мен техникалық көрсеткіштері жасанды интеллект көмегімен талданады.

Мемлекет басшысы жобаларды сараптау инвестициялық ортаның маңызды буыны екенін атап өтіп, бұл саладағы артық бюрократиялық кедергілерді қысқарту, процестерді цифрландыру, сапа мен жеделдікті арттыру жөнінде жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.