Мектепке дейінгі білім – баланың зияткерлік әлеуеті қалыптасатын, әлеуметтік дағдылары мен рухани әлемі дамитын шешуші кезең саналады. Осыны ескере отырып, соңғы жылдары бұл салада қамтуды кеңейту, білім сапасын арттыру және жекеменшік сектордың белсенді қатысуын ынталандыру бағытында жүйелі реформалар жүзеге асырылды. Нәтижесінде елімізде мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі 78 пайызға жетті.

Сонымен қатар, бұл көрсеткішті 80 пайызға жеткізу үшін тағы да балабақша орындарын ашу қажетт. Алайда 39 аудан мен қалада мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі 70 пайыздан төмен. Бұдан бөлек, мемлекеттік балабақшалардағы педагогтердің 61 пайызының, ал жекеменшік балабақшалардағы қызметкерлердің 76 пайызының орта арнаулы біліммен ғана шектелуі, кадрлық әлеуетті арттырудың өзектілігін айқын көрсетіп отыр.

Осыған байланысты бүгінгі таныстырылымда мектепке дейінгі білім беру жүйесін сапалық жаңа деңгейге көтеруге бағытталған кешенді шаралар талқыланды.

Атап айтқанда, бір жылдық мектепке даярлық топтарының оқу бағдарламасы міндетті жалпы орта білім берудің бастапқы сатысы ретінде енгізіледі. Бұл қадам балаларды мектепке жан-жақты дайындап, білім беру жүйесіндегі сабақтастықты қамтамасыз етуге бағытталған.

Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында ойынға негізделген оқыту моделі кеңінен енгізіліп, баланың табиғи қабілеті мен қызығушылығын ескере отырып, тәрбие мен оқыту үдерісі ұйымдастырылады. Алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып, оқу ортасы түбегейлі жаңартылады.

Сондай-ақ «Жаңа ұрпақ» мектепке дейінгі білім беру ұйымдары желісін қалыптастыру көзделген. 2026–2028 жылдары әр өңірде 120 орындық «Жаңа ұрпақ» мемлекеттік балабақшалары және олардың құрамында Балаларды дамытудың инновациялық орталықтары ашылады. Бұл балабақшаларда қосымша басшы және тәрбиеші-бағыттаушы штаттары енгізіліп, жетекші және педагог қызметкерлерге тарифтік мөлшерлемеден бөлек, ай сайын 20 пайыз үстемақы төленеді.

Мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру қызметін көрсететін жекеменшік білім беру ұйымдарына да бір жылдық мектепке даярлық топтарын ашуға рұқсат беріледі. Бұл білім беру қызметтері нарығында әділ бәсекелестікті күшейтіп, қамту аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Кадр даярлау мәселесіне де ерекше назар аударылды. 2026–2027 оқу жылынан бастап педагогикалық жоғары оқу орындарында мектепке дейінгі және бастауыш білім беру бағыттары бойынша оқу бағдарламалары халықаралық озық тәжірибелерге сай жетілдіріледі. Сонымен қатар, қазіргі таңда қызмет атқарып жүрген орта арнаулы білімді педагогтер үшін дуалдық оқыту жүйесі («5+1» форматы) негізінде бакалавр кадрларды даярлау тетігі енгізіледі.

2027–2028 оқу жылынан бастап мектепке даярлық топтарында білім мен тәрбие алған балаларға мемлекеттік үлгідегі электронды сертификат беру көзделіп отыр. Аталған мәліметтер кейіннен жалпы орта білім туралы куәлікте ресми түрде көрсетіледі.

Таныстырылым барысында мектепке дейінгі білім беру саласында жекеменшік секторды қолдауға бағытталған жаңа жеңілдіктер пакеті де кеңінен талқыланды.

Мектепке дейінгі білім беру жүйесіне жекеменшік сектордың қатысуын арттыру мақсатында қамту деңгейі 80 пайыздан төмен аудандар мен қалаларда (Ташкент қаласын қоспағанда) кәсіпкерлер үшін бірқатар қолдау тетіктері енгізіледі.

Атап айтқанда, мектептер мен балабақшалар аумағындағы бос жер телімдерінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде балабақшалар ашылған жағдайда, жалдау төлемдері 30 жылға дейін алынбайды. Сонымен қатар, әрбір бала үшін мемлекеттік балабақшаларда бір балаға жұмсалатын шығынның 50 пайызы мөлшерінде субсидия қарастырылады. Бұл тәртіп 2024 жылдан бастап құрылған жекеменшік балабақшаларға да қолданылады.

Қамту деңгейі төмен өңірлерде балабақшалар мен мектептен тыс аумақтарда кемінде 150 орындық жекеменшік балабақшалар ашылған жағдайда, 7 жылға дейінгі мерзімге 5 миллиард сумға дейін жеңілдетілген кредиттер беріледі. Сонымен бірге, тәрбиешілердің айлық еңбекақысын төлеуге арналған шығындар мемлекеттік балабақшаларда белгіленген нормалар негізінде үш жыл бойы өтеледі. Әрбір 30 балаға бір тәрбиеші штаты қарастырылады.

Бұл жеңілдіктер жаңа көпқабатты тұрғын үйлердің бірінші қабатында ашылатын жекеменшік балабақшаларға да қолданылады.

Бұдан бөлек, 2030 жылдың 1 қаңтарына дейін кемінде 150 орынға арналған жекеменшік балабақшалар ашқан кәсіпкерлер үшін әлеуметтік салық мөлшерлемесіне қатысты қосымша жеңілдіктер енгізіледі.

Мемлекет басшысы ұсынылған бастамаларды жан-жақты пысықтап, оларды кезең-кезеңімен іске асыру және мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыру арқылы балалардың жан-жақты дамуына жол ашу маңызды екенін атап өтті. Осы бағытта жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берілді.