Онда мемлекеттің қорғаныс әлеуетін одан әрі арттыру, әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ осы жылдың 13 қаңтарында Өзбекстан Қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген отырысында белгіленген басым міндеттердің орындалу барысы қаралды.

Бүгінгі таңда әлемдегі шиеленістер мен қақтығыс ошақтарының сақталып отырғаны, геосаяси бәсекелестіктің күшеюі, жаңа қауіп-қатерлердің артуы атап өтілді. Кейбір аймақтарлағы әскери іс-қимылдар елеулі гуманитарлық және экономикалық салдарға әкеліп жатқан күрделі халықаралық жағдай аясында елдің қорғаныс қабілетін нығайту мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету айрықша мәнге ие болып отыр.

Қорғаныс министрі әскерлердің жауынгерлік даярлығын арттыру, бөлімдер мен құрамды жедел әзірлеу, оларды заманауи қару-жарақ және техникамен қамтамасыз ету, әскери-әкімшілік секторлардың инфрақұрылымын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді.

Дамыған мемлекеттердің озық тәжірибесін және қазіргі әскери қақтығыстар тәжірибесін зерделеу, әскери басқару мен дайындық жүйесіне заманауи тәсілдерді енгізуге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, әскердің тиімділігін арттыру үшін жаңа технологияларды, соның ішінде ұшқышсыз жүйелер мен цифрлық басқару шешімдерін кеңінен қолдану қажеттігі атап өтілді.

Сондай-ақ әскери-әкімшілік секторлар, полигондар, білім беру мекемелері және материалдық-техникалық қамтамасыз ету нысандарының инфрақұрылымын заман талаптарына сай жаңғырту және дамыту бойынша нақты міндеттер айқындалды.

Әскери кадрларды даярлау жүйесін жетілдіруді жалғастыру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын күшейту, заманауи қару-жарақ пен технологияларды игеруге бағытталған бағдарламаларды кеңейту жөнінде тапсырмалар берілді.

Жиналыс соңында Мемлекет басшысы Қарулы Күштерді одан әрі дамыту және елдің қорғаныс қабілетін нығайту бойынша тиісті міндеттер жүктеді.