«Dunyo» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Өзбекстанның ірі жекеменшік әуе компанияларының бірі — «Centrum Air» Ташкент пен Пәкістанның ірі мәдени әрі экономикалық орталығы саналатын Лахор қаласы арасында тікелей рейстерді іске қосатынын мәлімдеді.
Жаңа бағыт бойынша рейстер аптасына екі рет ұшады деп жоспарланып отыр. Бұл бастама екі қала арасындағы көлік байланысын жақсартып қана қоймай, жолаушыларға уақыт пен қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді.
Соңғы жылдары екі ел арасындағы авиация саласындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Қазіргі уақытта «Uzbekistan Airways» ұлттық әуе компаниясы Ташкенттен Исламабад пен Лахорға аптасына жалпы саны төрт рейс орындайды. Осы бағыттар арқылы бүгінге дейін 30 мыңнан астам жолаушы сапар шеккен. Ал 2025 жылы шамамен 19 мың пәкістандық азамат Өзбекстанға турист ретінде келген.
Сарапшылардың пікірінше, «Centrum Air» компаниясының жаңа рейстерді іске қосуы кәсіпкерлер үшін жаңа логистикалық мүмкіндіктерді ашып, пәкістандық туристердің Өзбекстандағы қасиетті орындарға сапарын көбейтуге, сондай-ақ студенттер мен ғылыми орта өкілдерінің алмасуына тың серпін береді.
Нарыққа 2023 жылы шыққан «Centrum Air» әуе компаниясы қысқа мерзім ішінде әуе паркін айтарлықтай кеңейте алды. Қазіргі таңда компанияның иелігінде 14 әуе кемесі бар, олар ішкі және халықаралық бағыттарда қызмет көрсетуде.