Кластерде мақта өсіруден бастап оны терең өңдеу және дайын өнім шығаруға дейінгі толық құн тізбегі қалыптастырылған. Атап айтқанда, мақта мен тұқым өсіру, май өндіру, талшық пен иірімжіп дайындау, сондай-ақ дайын киім-кешек өндіруді қамтитын жалпы құны 25 миллион доллар болатын жобалар жүзеге асырылған. Мұндай тәсіл ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті өзара ұштастыру арқылы жоғары қосылған құн қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Атқарылған жұмыстар нәтижесінде кәсіпорын жылына 5,5 мың тонна иірімжіп, ал дайын трикотаж өнімдері бойынша 1 миллион дана өндіру қуатына ие болды. Бұл көрсеткіштер 10 миллион доллар көлеміндегі экспорттық әлеуетті қамтамасыз етеді. Нәтижесінде кластердің ішкі және сыртқы нарықтағы орны нығая түседі.

Кәсіпорын қызметінің тағы бір маңызды қыры – халықты жұмыспен қамтуға қосып отырған үлесі. Қазіргі уақытта мұнда 1 мың тұрақты жұмыс орны ашылған, ал маусымдық кезеңдерде тағы 3 мың адам жұмыспен қамтылады.

Атаулы кластердегі мата қалдықтарын қайта өңдеу арқылы иірімжіп өндіруге маманданған кәсіпорын – озық әрі тиімді бастамалардың бірі.

Жоба құрамында биозертхана мен тігін цехтары жұмыс істейді. Мұнда өндіріс барысында пайда болатын қалдықтарды қайта өңдеуге ерекше назар аударылған.

Атап айтқанда, тігін цехтарында пайдаланылған мата қалдықтары тасталмайды. Олар заманауи, жоғары жылдамдықта жұмыс істейтін жабдықтар арқылы қайта өңделіп, қайтадан иірімжіпке айналдырылады. Бұл бағыттағы жылдық өндіріс қуаты 5 мың тоннаны құрайды. Бұл ресурстарды тиімді пайдалану және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету тұрғысынан аса маңызды.

Жобаның жалпы құны 7 миллион доллар, ал аумағы 3,3 гектарды құрайды. Кәсіпорында 500 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, энергия үнемдейтін технологиялардың енгізілуі оның экономикалық тиімділігін арттыра түсуде.

Қазіргі таңда кәсіпорын аумағында күн панельдері орнатылған. Соның нәтижесінде өндіріс процесінде жаңартылатын энергия көздері тиімді пайдаланылып отыр. Бұл бір жағынан энергия шығындарын азайтса, екінші жағынан «жасыл экономика» қағидаттарын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы өндіріс процесімен танысып, тігін цехында жұмыс істеп жатқан қызметкерлермен шынайы сұхбат құрды.

– Сіздермен кездескеніме қуаныштымын. Мұнда жасалған жағдайлар мен құрылған жұмыс орындары халықты жұмыспен қамтуда маңызды рөл атқарып отыр. Әрбір жүзеге асырылып жатқан жоба – еліміздегі ауқымды өзгерістердің бір бөлігі. Әрине, жұмыс орындарына сұраныс артып келеді. Сондықтан біз одан әрі белсенді жұмыс істеп, әр өңірде жаңа мүмкіндіктер жасауға ұмтылып отырмыз, – деді Президент.

Осы жердің өзінде Мемлекет басшысына «Нарпай» ауданында су ресурстарын тиімді пайдалану және сорғы станцияларын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде басқаруға беру бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар таныстырылды.

Аудандағы 8 сорғы станциясы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жеке секторға берілген. Соның нәтижесінде 21 сорғы агрегаты 12,3 миллиард сум инвестиция есебінен жаңартылып, жылдық энергия тұтыну 68,1 миллион киловатт-сағаттан 34,1 миллион киловатт-сағатқа дейін қысқартылды.

Жалпы, Самарқанд облысының су шаруашылығы саласына жаңа ғылыми тәсілдер енгізілуде. Бұл бағытта ғылым мен тәжірибені ұштастыру мақсатында облыс әкіміне ғылыми кеңесші бекітіледі. Сонымен қатар, салада дуальды білім беру жүйесі енгізіліп, 72 студент су шаруашылығы, ауыл шаруашылығын механикаландыру, гидротехника, гидроэнергетика, кадастр және экология бағыттары бойынша 6 айлық үздіксіз тәжірибеден өтеді.

Мемлекет басшысы бұл жұмыстарды жүйелі әрі тұрақты түрде жалғастыру бойынша жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.