Іс-шараға Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Сербия Президенті Александр Вучич, Болгария Президенті Илияна Йотова, Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидзе, Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов, БҰҰ-ның Халықты қоныстандыру бағдарламасының атқарушы директоры Анаклаудия Россбах, сондай-ақ бірқатар шет мемлекеттер мен үкімет басшылары, халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарының өкілдері қатысты.

Форум барысында қалаларды тұрақты дамыту, халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету, қалалық ортаның сапасын арттыру, климаттық тұрақтылықты нығайту және тұрғын үй құрылысын қаржыландыру тетіктерін жетілдіру мәселелері қаралды.

Өзбекстан Президенті өз сөзінде форумның «Баршаға баспана: қауіпсіз әрі тұрақты қалалар мен қауымдастықтар» тақырыбы қазіргі жедел урбанизация жағдайында ерекше өзекті екенін атап өтті. Сарапшылардың бағалауынша, XXI ғасырдың ортасына қарай әлем халқының шамамен 70 пайызы қалаларда өмір сүреді.

Мемлекет басшысы урбанизация үдерістерінің жеделдеуі әлеуметтік мәселелерді де күшейтіп отырғанын атап өтті. Бүгінде әлемде шамамен 3 миллиард адам ең қарапайым тұрмыс жағдайларынан айырылған, олардың 1 миллиардтан астамы бейресми тұрғын үйлер мен қираған баспаналарда өмір сүруде, ал 300 миллионнан астам адам мүлде баспанасыз. Климаттың өзгеруі, күрделі халықаралық жағдай және экономикалық дағдарыстар жаһандық көші-қонның жаңа толқындарын туындатып, қалаларға түсетін жүктемені одан әрі арттыруда.

– Қарапайым тілмен айтқанда, урбанизация үдерістері жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікке тікелей әсер ететін маңызды факторға айналып отыр, – деді Шавкат Мирзиёев.

Мемлекет басшысы қалаларды тұрақты дамыту Жаңа Өзбекстан үшін стратегиялық маңызы бар негізгі мәселелердің бірі екенін атап өтті. Алдағы 15 жылда елімәз халқы 38 миллионнан 50 миллион адамға дейін өседі, ал урбанизация деңгейі 51 пайыздан 65 пайызға жетеді деп күтілуде.

Осыған байланысты Өзбекстанда қалалық инфрақұрылымды дамыту және тұрғын үй құрылысын кең көлемде ілгерілету бағдарламасы жүзеге асырылып отыр. Кейінгі он жылда салынатын тұрғын үйлердің жылдық саны 10 есеге артып, 2025 жылы 238 мың пәтерге жетті, ал 2030 жылы бұл көрсеткіш тағы 1,5 есеге өседі. Халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламаларына жыл сайын бюджеттен шамамен 2 миллиард доллар бөлінуде.

Бейресми тұрғын үйлер мәселесін шешу үшін 2024 жылы арнайы заң қабылданып, 100 мыңға жуық үй заңдастырылды. Сонымен қатар, елде ескірген тұрғын үйлерді жаңғырту бойынша реновация бағдарламасы жүзеге асырылып, жаңартылған үйлердің үлесін 15 пайыздан 60 пайызға дейін жеткізу көзделген.

Осы үдерістерді тиімді басқару мақсатында Урбанизация ұлттық комитеті құрылды.

Қалалардың экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде. «Жасыл мекен», «Таза ауа» бағдарламалары аясында қалалардағы жасыл аумақ үлесін 2030 жылға дейін 30 пайызға жеткізу міндеті қойылған.

Мемлекет басшысы аумақтарды абаттандыру және халықтың өмір сүру сапасын арттыруда махалла институтының маңызды рөл атқаратынын да ерекше атап өтті.

«Жаңа Ташкент» мегажобасына да ерекше тоқталды. Онда «жасыл», «ақылды», «қауіпсіз», «15 минуттық» қала қағидаттары толық ескерілген. Бірінші кезеңнің өзінде құны 25 миллиард доллардан асатын инвестициялық жобаларды іске асыру басталған.

– Ең бастысы, мұндай жобалар тек астанада ғана емес, «Жаңа Өзбекстан» массивтері атауымен еліміздің барлық өңірлерінде жүзеге асырылуда. Қазірдің өзінде осындай 61 массив салынды, 2030 жылға қарай олардың саны 100-ге жетеді, – деді Шавкат Мирзиёев.

Өз сөзінде Өзбекстан Президенті бірқатар халықаралық бастамаларды да ұсынды.

Атап айтқанда, шағын және орта қалаларды үйлесімді дамыту мақсатында «теңгерімді урбанизация» қағидаттарын кеңінен енгізуге шақырды.

Сондай-ақ Халықаралық «Ақылды және қауіпсіз қалалар альянсын» құру бастамасы көтерілді. Бұл құрылым қалаларды басқаруды цифрлық трансформациялау саласында технологиялар, стандарттар мен үздік тәжірибелер алмасу алаңы болады.

Жастар мен халықтың мұқтаж топтарын сапалы әрі қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 2027 жылы Самарқанд қаласында тұрғын үй құрылысына қаржы мен инвестиция тартудың жаңа тәсілдеріне арналған халықаралық форум өткізу ұсынылды.

Экологиялық тұрақты қалаларды дамытуға ынталандыру мақсатында БҰҰ-Хабитаттың «Жасыл қала» халықаралық сыйлығын тағайындау да маңызды бастамалардың бірі болды.

Сонымен қатар, Өзбекстан Президенті Дүниежүзілік урбанизация форумының 15-сессиясын 2030 жылы Жаңа Ташкент қаласында өткізіп, оның басты тақырыбын «Қалалардың тұрақты дамуындағы махалла институтының рөлі» деп атауды ұсынды.

Саммит аясында басқа да шетелдік делегация басшылары сөз сөйледі.