Өзбекстан Конституциясы мен халықты әлеуметтік қорғау стратегиясына сай, адамға деген құрмет пен қамқорлық аясы кеңеюде. Әлеуметтік қызметтерге мұқтаж жандарға бұл көмектер бұрынғыдан да жақындай түсті. Осы бағыттағы жұмыстардың жалғасы ретінде, биыл 27 ақпанда «Мүгедектігі бар балаларға әлеуметтік қызмет пен көмекті жақсарту туралы» Президент Қаулысы қабылданды. Құжат аясында алғашқы рет Әндіжанда «Имкониятлар олами» аймақтық әлеуметтік қызметтер орталығы іске қосылды.
5 гектар аумақта орналасқан бұл мекемеде әкімшілік ғимарат, қоғамдық зал, инклюзивті білім беру және кәсіптік оқыту орталықтары, балалар ойын алаңы, спорт кешені мен жүзу бассейні бар.
Мұнда мүмкіндігі шектеулі балалар мен күтімді қажет ететін азаматтарға күндізгі қатынау негізінде түрлі әлеуметтік қызметтер ұсынылады. Атап айтқанда: әлеуметтік және медициналық оңалту, кәсіпке баулу, шет тілдерін оқыту, сондай-ақ әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына қосымша білім беру қызметтері жолға қойылған.
Орталықта 60-тан астам маман жұмыс істейді. Әлуметік мұқтаж азаматтарды анықтау және оларды орталыққа жолдау «Инсон» орталықтары арқылы жүзеге асырылады.
Президент елімізде тұңғыш рет іске қосылған ерте араласу қызметінің жұмысымен де танысты. Бұл бөлім жаңа туған нәрестеден бастап үш жасқа дейінгі балаларды күтіп-баптауға бағытталған. Бұған дейін бұл жастағы балалар тек ата-анасының қарауында болған, ал арнайы балабақшаларға тек үш жастан кейін ғана қабылданатын. Енді жүктілік кезінде мүгедектік қаупі анықталған аналар осы орталықта қажетті көмек пен кеңес ала алады. Бұл оларға баласына деген сенім мен жауапкершілікті терең сезінуге көмектеседі. Сонымен қатар, психолог мамандар тарапынан да кеңестер беріледі.
Мемлекет басшысы қосымша білім беру ғимаратындағы жағдайлармен де танысып, мүмкіндігі шектеулі балалардың мектептен тыс уақыттарында білім алуына, интернет пайдалануына қолайлы жағдай жасалғанын атап өтті. Сонымен қатар, кедейлік реестріндегі отбасылардың балалары да келіп, ағылшын, орыс, корей және басқа да шет тілдерін үйрене алады.
Айта кету керек, жыл басынан бері Әндіжан облысында 10 мыңға жуық әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары балабақшаларға орналастырылды, шамамен 29 мың балаға медициналық көмек көрсетілді, ал 20 мың бала әлеуметтік қызметтермен қамтылды. Бұл олардың болашақта өз нанын тауып, қоғамнан өз орнын табуына көмектеседі.
Орталықта күндізгі күтім қызметі де іске қосылған. Мұнда мүмкіндігі шектеулі азаматтар дене және ақыл-ой жаттығуларымен айналысады. Оларға әлеуметтік қызметкерлер қарап тұратын болғандықтан, отбасы мүшелері жұмысқа шығуына мүмкіндік алады.
Осы бөлімде қызмет алушылар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлық үшін шынайы алғысын білдіріп, бұл қолдау олардың өмірге қайта келуіне себеп болғанын жеткізді.
– Бұл қамқорлықтың түп негізінде сіздердің денсаулықтарыңыз бен жақындарыңыздың мұңы-мұқтажы жатыр. Көңілдеріңіз көтеріліп, өмірге деген үміт оты жанғанын көріп қуандым. Мұндай жанашырлықты әрі қарай да кеңейтеміз. Сіздерден тек сабыр, сенім мен талпыныс қажет, – деді Президент Шавкат Мирзиёев.
Орталықта спорт кешені де бар. Мұнда мүмкіндігі шектеулі балалар үшін бейімделген дене шынықтыру залы мен жүзу бассейні жұмыс істейді. Ерекше назар аударатын жайт — жаттығу құрылғылары АҚШ пен өзге де елдерден әкелініп, адаптивті спорт түрлеріне бейімделген. Бассейн де балалардың жас ерекшеліктеріне қарай арнайы жайлы етіп жабдықталған.
Мемлекет басшысы ерекше күтімді қажет ететін балаларды сауықтыру, ал ересек азаматтарды өзіне лайықты кәсіпке тартудың маңыздылығын ерекше атап өтті.