Құрылыстың іргетасын қалау рәсіміне қоршаған ортаны қорғау саласының белсенділері, ақсақалдар мен қалың жұртшылық өкілдері қатысты.

Қытайлық инвесторлар 80 миллион доллар инвестиция құйып, қалдықтарды жағу арқылы электр қуатын өндіруге бағытталған бұл зауыт іске қосылатынын хабарлады. Жоба аясында жылына 274 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеп, 80 мың мегаватт/сағат электр энергиясын шығару жоспарланған.

Сондай-ақ, осы және осыған ұқсас жобалардың нәтижесінде республикада тұңғыш рет қалдықтарды жинауға, залалсыздандыруға, өңдеуге және кәдеге жаратуға маманданған арнайы эко-өндірістік аумақты құру жоспарлануда.

Мұндай жобалар экологиялық ортаны жақсартуға, тұрмыстық және өндірістік қалдықтардың қоршаған ортаға тигізетін кері әсерін азайтуға, алдағы ұзақ жылдар бойы халықтың әл-ауқатын арттыруға қызмет ететіні баса айтылды.