Атаулы шараға Өзбекстан Республикасының Президенті жанындағы Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері, Министрлер Кабинетінің өкілдері, Қарулы Күштер құрамына кіретін министрліктер мен ведомстволардың басшылары, әскери округтердің қолбасшылары, әскери-әкімшілік сектор жетекшілері, өзге де мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Кейінгі жылдары еліміздің қорғаныс қабілетін күшейту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды.
Ұлттық армия заманауи қару-жарақ пен әскери техникамен жабдықталуда. Әскери қызметшілердің жауынгерлік және моральдық-рухани даярлық деңгейі жүйелі түрде арттырылып келеді, қорғаныс өнеркәсібінің әлеуеті нығаюда.
Қорғаныс министрлігі әскерлерінде жаңа тактикалық тәсілдер енгізіліп, оқу-жаттығулардың саны мен қарқыны 1,5 есеге артты. Ұшқышсыз ұшу аппараттары бөлімшелері мен мамандар даярлау орталықтары құрылды.
Армияны цифрландыру бағытында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде ақпараттық қауіпсіздік, басқару және көрсетілетін қызметтердің тиімділігі едәуір артты.
Мемлекет басшысының бастамасымен әскери білім беру жүйесі түбегейлі жаңартылып, білікті профессор-оқытушылар мен нұсқаушылардан құралған Әскери қауіпсіздік және қорғаныс университеті құрылды.
Оқу үдерісіне заманауи цифрлық технологиялар, соның ішінде жасанды интеллектке негізделген оқыту және қазіргі бағалау жүйелерінің енгізілуі әскери кадрлар даярлау сапасын жаңа деңгейге көтерді.
Отырыста ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қорғаныс қабілетін нығайту жолындағы басты міндеттер талқыланды.
Әртүрлі өңірлік қақтығыстардың кеңейіп, қарулану жарысының күшеюі, жалпыадамзаттық құндылықтарға құрметтің, халықаралық құқық нормалары мен халықаралық дипломатияның әлсіреп бара жатқаны атап өтілді.
– Бір нәрсені нақты түсініп алу қажет. Қазіргі заманғы соғыстың сипаты түбегейлі өзгерді. Бүгінде қай мемлекет тек танкке, ұшаққа немесе әскер санына сүйеніп жеңіске жетемін десе, қателеседі. Қазіргі қақтығыстар жасанды интеллект, цифрлық басқару, алыс қашықтыққа жоғары дәлдікпен соққы беретін құралдар, кибер және роботтық технологиялар, сондай-ақ саяси-экономикалық қысым негізінде жүргізілуде, – деді Мемлекет басшысы.
Осыған байланысты бейбітшілік пен тұрақтылықтың ең қымбат байлыққа айналып отырғанын бір сәт те ұмытпау қажеттігі атап өтілді. Бұл құндылықты сақтау үшін әрбір сала мен бағыт қауіп-қатерлерге алдын ала жауап беретін «проактивті жұмыс режиміне» көшуі тиіс екені көрсетілді.
Жоғарғы Бас Қолбасшы алдағы кезеңге арналған ең маңызды міндеттерді белгілеп берді.
Әскери кадрлар даярлау жүйесін одан әрі жетілдіруге басымдық беріледі
– Әскери білім беру мен кадрлар даярлау жүйесін жаңғырту – армияның жаңа келбетін қалыптастырудың негізгі шарты екенін ұмытпау керек, – деді Президент.
Мерзімді әскери қызмет тек қана дене және әскери даярлық емес, сонымен қатар жастардың қоғамда өз орнын табуы үшін оларды еңбек нарығына және дербес мамандыққа дайындайтын маңызды кезең ретінде ұйымдастырылуы қажет екені атап өтілді.
Атап айтқанда, армияда әрбір жас кемінде бір мамандық иесі болып шығуын көздейтін мүлде жаңа жүйе құрылады. Әскери бөлімдердегі негізгі бағыттар мен мамандықтарды ескере отырып, сарбаздарды кәсіпке даярлауға арналған 3–6 айлық бағдарламалар әзірленеді. Бағдарламаны аяқтаған сарбаздар біліктілік емтиханынан өтіп, оларға кәсіби сертификат беріледі.
Жыл сайын 5 мың сарбаз іріктеліп, «Бір миллион бағдарламашы» және «Бес миллион жасанды интеллект көшбасшысы» бағдарламалары аясында оқытылады.
Сарбаздарға мерзімді әскери қызметті өткеру барысында өз әскери бөлімінде-ақ жоғары оқу орнына түсу үшін емтихан тапсыру мүмкіндігі беріледі. Тест сынақтарынан сәтті өтіп, студент атанған сарбаздар мерзімді әскери қызмет аяқталғаннан кейін жоғары оқу орнында оқуын бастайды.
Сонымен қатар, әскерден оралып, жоғары оқу орындарында білім алуды көздеген жастарға шетел тілі мен пән сертификаттарын алу шығындары өтеліп беріледі. Егер олар жоғары оқу орындарына келісімшарт негізінде түссе, пайызсыз білім беру несиесі ұсынылады.
Бұдан бөлек, әскерден оралған жастарды жұмыспен қамту бағытында да арнайы жеңілдіктер қарастырылады. Атап айтқанда, кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін жастардың несие пайызының 6 пайызы мемлекет есебінен өтеледі. Мемлекеттік мекемелерге жұмысқа орналасқысы келетін жастар үшін Басқару тиімділігі агенттігі өткізетін тест нәтижелеріне 10 пайыздық жеңілдік беріледі. Ал жекеменшік секторда еңбек етуді қалаған жастардың мамандық меңгеру және сертификат алу шығындары мемлекет тарапынан төленеді.
– Қысқасы, «мерзімді әскери қызмет – жастар үшін табысқа бастар жолға» айналуы тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Инженерлік-техникалық, киберқауіпсіздік және ақпараттық шабуылдарға қарсы іс-қимыл салаларында жоғары білікті мамандар даярлау аса маңызды мәселе екені атап өтілді. Осыған байланысты инженерлік-техникалық бағыттағы әскери-ғылыми базаны нығайту, өңірлерде әскери технопарктер құру қажеттігі көрсетілді.
Әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлығын арттырумен қатар, олардың рухани дүниесін де үнемі байытып отыруды дәуірдің өзі талап етіп отыр.
Бұл ретте кітап оқудың маңызы зор. Сондықтан биыл барлық әскери бөлімдер мен мекемелер жалпы саны 1 миллион дана көркем әдеби кітаппен қамтамасыз етіледі.
Қарулы Күштер жүйесіндегі әскери бағыттағы мектеп-лицей оқушылары, мерзімді әскери қызметшілер, курсанттар, сержанттар мен офицерлер арасында Жоғарғы Бас Қолбасшы жүлдесіне арналған кітап оқу байқауы ұйымдастырылады. Округтік, қолбасшылық, министрлік және Жоғарғы Бас Қолбасшы деңгейіндегі байқауларда жеңімпаз атанған сарбаздардың мерзімді әскери қызметі бір айға қысқартылады.
Жыл сайын әскери қызметшілер арасында көпсайыс, ауыр атлетика секілді спорттың 10-нан астам дәстүрлі түрі бойынша жарыстар өткізіліп келеді. Енді биылдан бастап киберспорт, дрон және робот технологиялары сияқты заманауи спорт түрлері бойынша үш кезеңді жарыстар ұйымдастырылады.
– Аймақтық және жаһандық ахуалды тұрақты түрде талдап отыру, ұлттық армиямыздың әлеуетін нығайту – бүгінгі күннің талабы. Өзбекстан армиясы халықты қорғауға әрдайым дайын тұруы керек. Ол үшін әскер жедел, жоғары технологиялы және жаңа соғыс жағдайларына бейім болуы тиіс, – деді Президент.
Осыған байланысты әскерді жасанды интеллектке негізделген роботтандырылған кешендермен және ұшқышсыз жүйелермен, жеңіл әскери техникамен, заманауи қару-жарақпен, барлау құралдарымен жабдықтауға ерекше назар аудару қажеттігі атап өтілді.
Мемлекет басшысы қорғаныс өнеркәсібін одан әрі дамыту, сала кәсіпорындарында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу басым міндеттердің бірі болуы тиіс екенін атап өтті.
Мемлекет пен қоғам өмірінің барлық саласын цифрландыру жағдайында киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету және ұлттық цифрлық инфрақұрылымның тұрақтылығын нығайту айрықша маңызға ие. Осыған байланысты жауапты тұлғаларға жеке деректер мен цифрлық жүйелердің қорғалуын қамтамасыз ету жөнінде кешенді шаралар белгілеу тапсырылды.
– Әскери қызметшілер еңбегін қадірлеу, олардың отбасы мүшелері мен әскери зейнеткерлерді әлеуметтік қорғау әрдайым басты назарда болуы тиіс, – деді Президентіміз және бұл бағытта бірқатар маңызды жаңалықтарды жариялады.
Атап айтқанда, 1 сәуірден бастап Қорғаныс министрлігі офицерлеріне көп жылғы қызметі үшін төленетін үстемақы мөлшері 2 есеге ұлғайтылады. Келісімшарт негізінде қызмет атқарып жүрген қатардағы жауынгерлер мен сержанттардың айлық жалақысы 10 пайызға арттырылады.
Аумақтық қорғаныс істері басқармалары мен бөлімшелерінің әскери емес қызметкерлерінің жалақысы биыл 20 пайызға, ал келесі жылы тағы 50 пайызға өсіріледі.
Қарулы Күштер қатарында 30 жылдан астам қызмет атқарған әскери қызметшілер үшін зейнетақы есептеу кезінде ескерілетін айлық мөлшері 75 пайыздан 100 пайызға дейін жеткізіледі.
Сонымен қатар, әскери қызметшілерге арналған тұрғын үй құрылысы кеңейтіледі.
Жауапты тұлғаларға әскери қызметшілердің зейнетақымен қамтылуын айқындайтын заң жобасын әзірлеп, парламентке енгізу тапсырылды.
Қазіргі заманғы қауіп-қатерлердің мазмұны мен ауқымы күн сайын өзгеріп отырғанын, қорғаныс және қауіпсіздік саласына ауқымды міндеттер жүктеліп отырғанын ескере отырып, Мемлекет басшысы сегіз жыл бұрын қабылданған Қорғаныс доктринасы мен 1997 жылы қабылданған Ұлттық қауіпсіздік тұжырымдамасын қайта қарау уақыты келгенін атап өтті.
Жаңа Қорғаныс доктринасы еліміздің ешбір әскери блокқа қосылмау мәртебесін сақтап қалуын, көпжақты дипломатияға сүйенуді жалғастыруын, жоғары технологияларға негізделген стратегияны, әскери дербестікті және өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталуын көздеуі тиіс екені айтылды.
– Жалпы алғанда, жаңа доктрина армияны технологиялық тұрғыдан жаңғыртуға және озық әскери шешімдерді енгізуге берік негіз болуы керек, – деді Президент.
Жиын қорытындысында Мемлекет басшысы Қарулы Күштеріміздің ержүрек сарбаздары мен сержанттарын, офицерлері мен генералдарын, ардагерлерін, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері мен жақындарын Өзбекстан Республикасының Қарулы Күштері құрылғанының 34 жылдығымен және Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтады.
– Сіздердің ерліктеріңізбен, әскери антқа адалдықтарыңызбен, ел мен жерді қорғау жолындағы жанқиярлықтарыңызбен бүкіл халқымыз мақтанады. Көрікті елімізде бейбітшілік пен ынтымақ әрдайым салтанат құрсын, қасиетті Отанымыз одан әрі нығайып, кемелдене берсін! – деді Мемлекет басшысы.
Жиында Қорғаныс министрінің, әскери округтер қолбасшыларының және басқа да жауапты тұлғалардың баяндамасы мен ұсыныстары тыңдалды.