Ташкент облысында 2026 жыл – «Махаллаларды дамыту және қоғамды өркендету жылы» аясында халықпен тікелей байланыс орнату, ең шалғай аймақтардағы проблемаларды сол жердің өзінде зерделеу және шешуге бағытталған практикалық жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.

Осы мақсатта Ташкент облысының әкімі Зоир Мирзаевтың басшылығымен облыс белсенділерінің қатысуымен алыс және шалғай аумақтарда ұйымдастырылып келе жатқан «Ауылдағы бір күн» дәстүрлі жобасының кезекті бағыты Ахангарон ауданының Овжазсой ауылы болды.

Шараларға облыс басшылығы, прокуратура, ішкі істер, салық органдары, әйелдер мәселелері бойынша жауапты тұлғалар, туризм және мәдениет саласының өкілдері, махалла белсенділері, медицина мекемелерінің өкілдері, БАҚ қызметкерлері және жұртшылық кеңінен қатысты.

Жоба аясында басшылар мен жауапты тұлғалар халықпен тікелей кездесулер өткізіп, азаматтардың өтініштерін зерделеп, өзекті мәселелерге шешім табу шараларын қарастырды. Сонымен қатар, халықтың көңіл-күйін көтеруге бағытталған рухани-ағартушылық және спорттық іс-шаралар да ұйымдастырылды.

Ең алдымен, шара Сусам махалласы аумағында орналасқан Пайғамбар ата зияратханасына барудан басталды. Одан кейін облыс әкімі еңбек ардагерлерімен шынайы сұхбат өткізіп, олардың өмірлік тәжірибесі мен ұсыныстарын тыңдады. Сотболды ата Хамроевтың үйінде ұйымдастырылған кездесуге Ташкент облысының әкімі де қатысты.

Шаралар барысында халықпен ашық кездесулер ұйымдастырылды. Жастар, қарттар, еңбек ардагерлері және түрлі сала өкілдерімен кездесулер өтті.

Осы сапар аясында Овжазсой махалласында бірқатар маңызды проблемаларды шешуде нақты шешімдер қабылданды. Атап айтқанда, мектеп аумағында жабық спорт залын салу, жасанды қаптамалы бар стадион тұрғызу жұмыстары жүзеге асырылатыны белгілі болды. Сонымен қатар, махалла тұрғындарының бастамасымен ашық бюджет қаражаты есебінен асфальтталған жолдың қалған бөлігі толық жөнделуі, 100 орындық мектепке дейінгі білім беру мекемесінің құрылысы белгіленді.

Бұл аумақта спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалар үшін халықаралық стандарттарға жауап беретін Олимпиадалық даярлау орталығының құрылысы жоспарлануда. Жобаның жалпы құны 150 миллиард сумды құрап, 20 гектар аумақта салынады. Бұл заманауи нысан спортшылардың кәсіби даярлығын арттыруда және халықаралық жарыстарға дайындалуда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, Өрт шыққан үй мен отбасылық мәселе сол жердің өзінде шешілді.

 Қабылдау барысында бір азамат облыс әкіміне өтініш жолдады. Өтініште арыз берушінің үйі өртеніп, соның салдарынан тұрмыс жағдайы ауырлағаны, осы себепті келіні екі баласымен үйден кетіп қалғаны айтылды. Балалардың тағдыры мен отбасының бұзылуы өтініш берушіні қатты алаңдатқаны айтылды.

Облыс әкімі тарапынан бұл жағдай жан-жақты зерттеліп, мәселе сол жерде шешілді. Күйеу балаға отбасын қайта қалпына келтіріп, әйелін және балаларын үйіне әкеліп, тату-тәтті өмір сүру шартымен екі бөлмелі үйді жөндеп беру жөнінде нақты уәде берілді.

Осы өтініш негізінде жауапты ұйымдар мен мекемелерге тұрғын үйді жөндеу жұмыстарын жедел ұйымдастыру, сондай-ақ отбасылық татуласуды қамтамасыз ету бойынша профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүргізу туралы тапсырмалар берілді. Мәселе облыс басшылығының бақылауына алынды.

Шара аясында жастармен ашық кездесулер және спорттық жарыстар өткізілді. Білім беру мекемелеріне кітаптар, спорттық құрал-жабдықтар және музыкалық аспаптар сыйға тартылды. Жастар тарапынан кәсіпкерлік, қонақ үйлер ұйымдастыру және туризмді дамыту бойынша ұсыныстар айтылды. Махалланы 2026 жыл бойы кешенді дамыту жөнінде бағдарлама әзірленетіні хабарланды. Сонымен қатар, әлеуметтік қорғауға мұқтаж отбасылардың тізімі қалыптастырылып, оларға іс жүзіндік көмек көрсетілді.

Шалғай аймақтарда халық денсаулығы тұрақты назарда

Президентіміздің бастамасы және Ташкент облысы әкімдігінің қолдауымен халықты медициналық тексеруден өткізуге бағытталған көшпелі және тереңдетілген медициналық қызмет ұйымдастырылды. Дәрігерлер тұрғындарды тегін тексеруден өткізді.

Іс-шараның тағы бір негізгі мақсаты – шалғай аймақтарда тұратын, түрлі себептермен қалаға барып медициналық қызмет алу мүмкіндігі шектеулі тұрғындарға білікті медициналық көмекті тікелей олардың тұрғылықты жерінде көрсету.

— Тексеру барысында жалпы 21 азаматты байқаудан өткіздік, — деді Ташкент облыстық эндокринология диспансерінің эндокринолог дәрігері Расулбек Рахманов. — Нәтижеде 4 науқаста қалқанша без аурулары анықталды. Бұл науқастарға облыстық эндокринология диспансеріне жолдамалар берілді. Олар барлық қажетті талдауларды тегін тапсырып, нақтама мен емдеу бойынша тиісті ұсыныстар алады.

Сондай-ақ, қант диабетімен емделіп жүрген науқастарға ауруды аудан деңгейінде тұрақты бақылауда ұстау, дәрі-дәрмектерді уақытында қабылдау және салауатты өмір салтын ұстану жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Кейбір науқастарда сирек кездесетін эндокриндік аурулар байқалып, оларды қосымша түрде республика деңгейінде тексеруден өткізу үшін құжаттар рәсімделді.

Мұндай көшпелі медициналық іс-шаралар халық денсаулығын сақтау, ауруларды ерте кезеңде анықтау және емдеу мүмкіндіктерін кеңейту тұрғысынан өте маңызды деп есептеймін. Ең бастысы, халықтың сенімі мен алғысын сезіну біз, дәрігерлер үшін үлкен ынталандыру болып табылады. Сонымен қатар, іс-шара аясында жергілікті тұрғындар арасында хирургиялық ауруларға қатысты өтініштер де қаралды. Тексеру барысында жалпы 25 науқас тексеруден өтті. Олардың 8-і жоспарлы хирургиялық отаға жіберілді. Қалған науқастарға сол жерде амбулаторлық медициналық көмек көрсетіліп, кейінгі емдеу бойынша ұсыныстар берілді.

— Көшпелі медициналық тексерулер арқылы орталық медициналық мекемелердің мүмкіндіктері шалғай аймақтарға жеткізіліп, халық үшін қолайлы жағдайда мамандардың тексеруінен өту мүмкіндігі жасалуда. Бұл өз кезегінде ауруларды уақытында анықтау және емдеу тиімділігін арттыруға қызмет етуде, — деді Ташкент облыстық көпсалалы медициналық орталықтың хирург-дәрігері Шермат Халимов.

Сонымен қатар, «Ауылдағы бір күн» жобасы аясында «Мунавар оқшомлар» атты мәдени-ағартушылық іс-шара да өтті. Концерттік бағдарламалар мен алау жанындағы әңгімелер арқылы тұрғындар үшін мазмұнды әрі шабыт беретін орта қалыптастырылды.

Белгілі өнерпаздар мен шығармашылық өкілдерінің қатысуымен өткен қойылымдар іс-шараға ерекше сән берді. Ашық аспан астында ұйымдастырылған кеш ауыл тұрғындары үшін ұмытылмас сәттер сыйлады.

Зулхумор АКБАРОВА.