Финалда Өзбекстан мен Иран ұлттық құрамалары өзара бақ сынады. Негізгі уақытта есеп ашылмағандықтан, матч қосымша таймдармен жалғасты. Қосымша уақытта да есеп тең болған соң, бәрі пенальти сериясына жетер деген сәтте, 120-минутта Хожиакбар Алижонов қапталдан асырылған допты қарсылас қақпасына баспен соқты.
Осылайша, Өзбекстан ұлттық құрамасы 2025 жылғы «CAFA Nations Cup» турнирінің жеңімпазы атанды.
Жеңімпаз футболшыларымызға алтын медаль мен чемпиондық кубокты Президент Шавкат Мирзиёев өзі табыстады. Салтанатты марапаттау рәсіміне FIFA президенті Джанни Инфантино және басқа да ресми тұлғалар қатысты.
Осынау турнир Өзбекстан құрамасының алдағы әлем чемпионатына дайындығына таптырмас мүмкіндік болды. Сонымен қатар, Иран құрамасымен болған соңғы он үш жылдағы жеңіссіз ойындар сериясына нүкте қойылды. 2023 жылғы алғашқы осындай кубок турнирі финалында Өзбекстан дәл осы Ираннан 0:1 есебімен жеңілген болатын.
CAFA – Орталық Азия футбол қауымдастығы. Бұл ұйым ұйымдастыратын турнир әр екі жыл сайын өтеді. Биылғы жарысқа Ауғанстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Үндістан және Оман құрамалары қатысты.
Айта кету керек, бұл турнир жаңа ғана бой көтерген Олимпия қалашығындағы алғашқы халықаралық жарыс болды. Ол республика спортшылары үшін абыройлы жеңіспен басталды. Бұл оқиғаның өзі терең мағынаға ие – заманауи стадиондар мен спортқа көрсетіліп жатқан қамқорлық елімізге әлі талай жеңіс әкелсін деген тілекпен астасып жатыр.














