Өзбекстан мен Еуропалық Одақ арасындағы, ең алдымен, саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық салалардағы көпжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелері талқыланды.

Бүгінгі таңда екіжақты қарым-қатынастар өте жоғары деңгейге көтерілгені ерекше атап өтілді. Еуропалық кеңес басшысының Өзбекстанға сапары, «ЕО-Орталық Азия» форматындағы саммиттер, өзара тәуелділік жөніндегі халықаралық конференция және экономикалық форумдар сәтті өтті.

Жыл басынан бері Өзбекстанның Еуроодақ елдерімен сауда көлемі 35 пайызға артып, Еуропаның жетекші компанияларымен бірге ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, маңызды мәдени шаралар ұйымдастырылуда.

Кездесу барысында Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімді тез арада қабылдау, өзара сауда мен инвестицияларды ұлғайту үшін қолайлы жағдай жасау, экономиканың негізгі салаларындағы ынтымақтастықты тереңдету, оның ішінде ұзақ мерзімді екіжақты құжаттарды қабылдау мәселелері талқыланды.

Еуропалық кеңес президенті Чарльз Мишель Орталық Азияда аймақтық ынтымақтастықты ілгерілетуде, сенімді, тату көршілік пен әріптестік қатынастарды нығайтуда Өзбекстан басшысы жетекші рөл атқарып жатқанын атап өтті.

Тиімді халықаралық көлік дәліздерін, атап айтқанда, Транскаспий мультимодальды бағытын дамытуға ерекше назар аударылды.

Ауғанстандағы жағдай, соның ішінде Ауғанстан халқына гуманитарлық көмек көрсету жұмыстары туралы пікір алмасты.

Алдағы көпжақты іс-шаралар жоспары қаралды.