Мемлекет басшысы Түркімен халқының ұлттық көшбасшысы, Халық Мәслихатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовке, Түркіменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовке және бауырлас түркімен халқына жоғары мемлекеттік марапат үшін шынайы алғысын білдірді.

– Бұл марапатты Өзбекстан мен оның көпұлтты халқына көрсетілген ерекше құрмет, сондай-ақ Орталық Азия аймағында достықты, тату көршілікті, өзара сенім мен серіктестікті нығайту жолындағы бірлескен күш-жігеріміздің мойындалуы ретінде қабылдаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Өзбекстан мен Түркіменстан арасындағы бауырластық пен өзара құрмет дәстүріне негізделген стратегиялық әріптестік жоғары деңгейге жеткені атап өтілді.

Соңғы жылдары маңызды экономикалық және гуманитарлық жобалар жүзеге асырылып, өзара сауда көлемі мен кооперация ауқымы айтарлықтай артты.

Өзбекстан басшысы Арқадағ және аймақтағы барлық мемлекеттердің басшылары Орталық Азияда ынтымақтастықты ілгерілетуге зор үлес қосып келе жатқанын ерекше атап өтті. Бүгінде бүкіл халықаралық қауымдастық өңірлік серіктестіктің жаңа моделін қалыптастырудағы ортақ жетістіктерімізді мойындап жатқаны айтылды.

Сөзінің соңында Мемлекет басшысы жоғары марапат үшін тағы да ризашылығын білдіріп, бауырлас түркімен халқын осы күндері өтіп жатқан Біріккен Ұлттар Ұйымы конференциясымен құттықтап, биыл желтоқсан айында Ашхабад қаласында өтетін Халықаралық бейбітшілік пен сенім жылына арналған жаһандық саммиттің сәтті өтуіне тілек білдірді.