Мемлекет басшысы Анна Бьерде бастаған делегацияны қабылдады

    Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев 10 сәуір күні Дүниежүзілік банк тобының операциялар жөніндегі басқарушы директоры Анна Бьерде бастаған делегацияны қабылдады.

    Кездесуде Өзбекстан мен Дүниежүзілік банк арасындағы ауқымды стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту, ең алдымен, осы жаһандық қаржы институтының елде жүзеге асырып жатқан экономикалық реформалар стратегиясын қолдауы мәселелері талқыланды.

    Кездесу басында Анна Бьерде Мемлекет басшысына Дүниежүзілік банк президенті Ажай Банганың сәлемі мен ең ізгі тілектерін жеткізді.

    Соңғы жылдары екіжақты серіктестіктің жоғары деңгейге көтеріліп, елеулі нәтижелерге қол жеткізілгені ризашылықпен атап өтілді.

    Бүгінде Өзбекстан – Дүниежүзілік банктің ең ірі серіктестерінің бірі. Жобалар портфелінің көлемі 12 миллиард доллардан асты. Банк ел экономикасының басым салалары мен әлеуметтік бағыттарды тұрақты дамытуға бағытталған реформаларды жүзеге асыруда қаржылық, кеңестік және техникалық қолдау көрсетіп келеді.

    Банк қолдауымен халықаралық қаржы институттарының қатысуымен жүзеге асырылатын жобалар тетігі жетілдірілді, оларды дайындау процесін жеделдетіп, сапасын арттыруға бағытталған жаңа тәртіп қабылданды.

    Кедейлікпен күрес, ең алдымен туризм саласында әйелдер мен жастар үшін жұмыс орындарын құру, жеке сектор мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту, мемлекеттік кәсіпорындарды трансформациялау және жекешелендіру – болашақтағы практикалық әріптестіктің басым бағыттары ретінде белгіленді.

    Көміртегі шығарындыларын азайту, урбанизация және инфрақұрылымды жаңғырту, энергия тиімділігін арттыру, инвестициялық климатты жақсарту, Өзбекстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) мүше болуына қолдау көрсету салаларындағы ынтымақтастық жоспарына ерекше назар аударылды.

    Сондай-ақ ірі өңірлік жобаларды алға жылжыту мәселелері бойынша пікір алмасылды.