Ломбардия Италияның халқы ең көп орналасқан, ірі аймақтарының бірі әрі Еуропадағы ең дамыған өңірлердің қатарында.
Кездесу барысында өзара тиімді ынтымақтастықты, ең алдымен сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестікті дамыту мәселелері талқыланды.
Жуырда Самарқанд қаласында Италияның Премьер-Министрі Джорджа Мелонимен өткен келіссөздердің нәтижелері, атап айтқанда, өңіраралық байланыстарды қолдау жөнінде қол жеткізілген уағдаластықтар атап өтілді.
Қазіргі таңда елімізде Ломбардия компанияларымен бірлесіп қызанақ пен шаран өсіру, тоқыма емес мата мен трикотаж, азық-түлік өнімдерін өндіру жобалары табысты жүзеге асырылуда. Сонымен қатар дайын тоқыма бұйымдары, автоэлектроника, құрылыс материалдарын шығару, сүт және жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеу, қоғамдық көлікті дамыту сынды жаңа жобалар әзірленуде.
Ортақ жобалар портфелін кеңейту, Италияның озық технологиялары мен инвестицияларын Өзбекстан экономикасының түрлі салаларына кеңінен тартудың маңыздылығы атап өтілді.
Келіссөздер нәтижесінде Милан қаласында Өзбекстанның өнеркәсіп және экспорт әлеуеті көрмесін өткізу, сауда үйін ашу және «Uzbek Organic» бренді аясында экспорттық желіні іске қосу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.
Мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту мақсатында 2026 жылы Миланда Өзбекстан мұражайларының көрмесін ұйымдастыру мәселесі қаралуда.
Өз кезегінде, губернатор Аттилио Фонтана Ломбардия іскер топтарының жобалары мен бастамаларына жан-жақты қолдау көрсеткені үшін Мемлекет басшысына шын жүректен алғыс білдіріп, Өзбекстан өңірлерімен кең ауқымды әріптестік орнатуға барынша қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Аттилио Фонтанаға 2026 жылы Милан қаласында өтетін қысқы Олимпиадаға дайындық пен оны өткізу ісінде сәттілік тіледі.









