Өзбекстан Президенті МАГАТЭ бас директоры Рафаэль Гроссимен кездесті

    Билік 4 Dekabr 2024 1691

    4 желтоқсан күні Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев пен Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (ХАЭА) бас директоры Рафаэль Гросси арасындағы кездесуде екіжақты ынтымақтастықты түбегейлі кеңейту және іс жүзіндегі серіктестіктің жаңа бағыттарын дамыту мәселелері жан-жақты талқыланды.

    Өзбекстан 1994 жылдан бастап ХАЭА-ның мүшесі. Осы уақыт ішінде беделді ұйымның техникалық қолдауымен 40-тан астам бірлескен жоба іске асырылды. Қазіргі уақытта ұлттық құрылымдардың құқықтық базасы мен әлеуетін жетілдіру, ядро ғылымы мен медицинасын дамыту және басқа да бағыттар бойынша бес жоба жүзеге асырылып жатыр.

    Мемлекет басшысы ХАЭА делегациясының бүгінгі Өзбекстанның министрліктері, ведомстволары және ғылыми мекемелерінде өткізген кездесулері мен шараларының нәтижелерін жоғары бағалады. Сондай-ақ, 5 желтоқсан күні Самарқанд қаласында шетелдік жетекші сарапшылардың қатысуымен өтетін Атом энергиясын пайдалану мәселелері бойынша халықаралық конференцияның бірлесіп ұйымдастырылғаны ерекше атап өтілді.

    Ұлттық агенттіктердің құзыреттілігі мен әлеуетін арттыру, ХАЭА бағдарламалары аясында жоғары білікті кадрларды даярлау, ядро энергетикасы, ауыл шаруашылығы, су ресурстарын пайдалану, денсаулық сақтау және экология салаларында перспективалы жобаларды жүзеге асыру ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде белгіленді.

    Кездесу қорытындысында бейбіт атом саласын дамыту бойынша көпжақты ынтымақтастықты кеңейтуге арналған бірлескен «жол картасын» қабылдау туралы келісімге қол жеткізілді.