Кездесуге Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешинин Төрағасы Нурланбек Тұрғунбек уулу, Тәжікстан Республикасы Мәжлиси Намояндагон Төрағасы Файзали Идизода және Түркіменстан Мәжілісінің Төрайымы Дунёгузал Гүлманова қатысты.
Жоғары мәртебелі меймандар Өзбекстан Президентіне ел басшыларының сәлемі мен игі тілектерін жеткізіп, аймақта алғаш рет өткізіліп жатқан бұл халықаралық жиынның маңыздылығына ерекше тоқталды.
Бауырлас елдер арасындағы достық, тату көршілік, стратегиялық серіктестік пен одақтастықты одан әрі нығайту және дамыту мәселелері қаралды.
4 сәуір күні Самарқанд қаласында өткен «Орталық Азия – Еуропа Одағы» бірінші саммиті мен Климат форумының нәтижелері жоғары бағаланды.
Жоғары деңгейдегі белсенді диалогтар ерекше атап өтілді. Жуырда өңірде өткен кездесулер, атап айтқанда, шекараларды делимитациялау мәселелерінің толық реттелгені және Хожент қаласында Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан арасындағы мемлекеттік шекаралардың түйісу нүктесі туралы келісімге қол қойылғаны тарихи маңызға ие екені баса айтылды.
Соңғы жылдары өңір елдері арасындағы тауар айналымы бірнеше есеге артты, шекара маңындағы сауда аймақтары құрылуда.
Экономиканың түрлі салаларында, соның ішінде елдеріміздің өңірлерінде бірлескен кооперациялық жобалар сәтті жүзеге асырылып отыр. Мәдениет пен білім салаларында іс-шараларға бай бағдарламалар қолға алынып жатыр.
Кездесуде елдеріміз бен халықтарымыз арасындағы өзара жақындасуды нығайту, бірлескен кооперациялық бастамалар мен жобаларды ілгерілету, өңіраралық байланыстар мен гуманитарлық алмасуды кеңейту мақсатында парламенттер арасындағы, соның ішінде комитеттер деңгейіндегі диалогты күшейту маңызды екені айтылды.