Іс-шараға Болгария Президенті Румен Радев, Словакия Премьер-Министрі Роберт Фицо, Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов, Қырғызстан Үкіметінің төрағасы Әділбек Касымалиев, Тәжікстан Премьер-Министрі Кохир Расулзода, Әзербайжан Премьер-Министрі Али Асадов, Ресей Үкіметі төрағасының орынбасары Александр Новак, Түркіменстан Министрлер Кабинеті төрағасының орынбасары Нокергули Атагулиев, сондай-ақ Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо мен Жаңа даму банкінің президенті Дилма Русеф қатысты.
Жалпы, форумға 100-ден астам елден 7,5 мыңнан астам делегат, соның ішінде 3 мыңға жуық шетелдік қонақ келді. Биылғы іс-шара жаңа, кеңейтілген форматта өтуде. Оның аясында алғаш рет Өзбекстан компанияларының жобалары мен бірлескен бастамалары көрсетілген арнайы көрме ұйымдастырылды.
Мемлекет басшысы форумдағы сөзін әлемдегі қазіргі жағдайдың қысқаша талдауынан бастады. Бүгінде геосаяси үдерістер қарқынды өзгеріп, жаһандық қауіпсіздік пен тұрақты дамуға төнетін қауіп-қатерлер күшейіп бара жатқаны атап өтілді.
Экономикалық дағдарыстың ушығуы және қаржылық ресурстардың жетіспеушілігі салдарынан әлемдік жалпы ішкі өнімнің өсімі қатарынан үшінші жыл төмендеп келеді.
Өзбекстан Президенті өңірлік қақтығыстар мен мәселелерді тек дипломатиялық жолмен, халықаралық құқық нормалары мен қағидаларына, БҰҰ резолюцияларына сәйкес шешудің маңыздылығын айтты.
– Мен жоғарыда айтып өткен мәселелер бойынша барлық серіктес мемлекеттерімізді ашық және кең ауқымды халықаралық ынтымақтастыққа шақырамын. Өйткені форумның басты тақырыбы – инвестициялар – бұл тек экономикалық дамудың ғана емес, сонымен қатар бейбітшілік пен тұрақтылықтың да кепілі, – деді Мемлекет басшысы.
Өзбекстан көшбасшысы тек табыс әкелетін ғана емес, сонымен қатар адам қадірін ұлықтайтын, оның өмірлік мүдделері мен қоғам дамуын қамтамасыз ететін берік негізге айналатын инвестициялық орта қалыптастыруға шақырды.
Еліміздің экономикалық дамудағы жетістіктеріне жеке тоқталды. Соңғы 8 жылда Өзбекстанның жалпы ішкі өнімі екі есе артты. Бұл көрсеткішті 2030 жылға дейін 200 миллиард долларға жеткізу көзделіп отыр. 2024 жылы инвестиция көлемі 35 миллиард долларға, ал экспорт көлемі 27 миллиард долларға жетті.
Соңғы 5 жыл ішінде Өзбекстан Экономикалық еркіндік индексінде 48 сатыға, Гарвардтың Экономикалық күрделілік индексінде 28 сатыға көтерілді.
Өткен айда беделді «S&P» агенттігі Өзбекстанның егемендік рейтингіне қатысты болжамын «тұрақтыдан» «оң» деңгейге көтерді.
Бүгінгі таңда жаһандық экономика жаңа өзгерістер қарсаңында тұрғанын атап өткен Өзбекстан Президенті төрт маңызды бағыт бойынша ынтымақтастық орнатудың маңыздылығын атап өтті.
Бірінші бағыт – «жасыл» экономика моделіне көшу.
– Біз экономиканы тұрақты энергия ресурстарымен қамтамасыз ету үшін дәл осы «жасыл» энергетиканы дамытуға бекем бел байладық, – деді Мемлекет басшысы.
Соңғы жылдары бұл салаға шамамен 6 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Электр энергиясын өндіру көлемі 59 миллиардтан 82 миллиард киловатт-сағатқа артты. Алдағы 5 жылда бұл көрсеткіш 120 миллиард киловатт-сағаттан асып, «жасыл» энергияның үлесі 54 пайызға жетпек.
Электр желілерін жаңғыртуға да 4 миллиард доллар тарту көзделіп отыр. Биыл Самарқанд қаласында, ал келесі жылы тағы 8 аймақта электр желілері жекеменшік әріптестікке беріледі.
Алғаш рет «жасыл сертификаттар» мен көміртек бірліктерінің саудасы жолға қойылмақ. Өзбекстан жаһандық көміртек нарықтарына қосылады және «Жасыл Өзбекстан» климаттық инвестиция платформасы құрылады.
Екінші бағыт – цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект экономикадағы жаңа «қозғаушы күшке» айналуда.
– Биылдың өзінде еліміздің IT экспорты 1 миллиард долларға жетеді. 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті 5 есеге арттыру үшін әлеуетіміз де, мүмкіндігіміз де жеткілікті, – деді Президент.
Бұл бағыттағы Өзбекстанның жетістіктері халықаралық деңгейде мойындалып отыр. Атап айтқанда, Халықаралық жасанды интеллектке дайындық индексінде еліміз бір жыл ішінде 17 сатыға көтерілді.
Алдағы жылы ұлттық «Бұлтты технологиялар» платформасы іске қосылады. Жақын 5 жыл ішінде жекеменшік инвесторлармен бірлесіп, қуаттылығы 500 мегаваттан асатын 20 деректер орталығы (дата-орталық) салынады.
Бай тарихымызды, құндылықтарымызды және жаңа креативті идеяларды қамтитын ұлттық жасанды интеллект моделін әзірлеу жоспарланған. Бұл жүйенің тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында «Бір миллион жасанды интеллект көшбасшылары» жобасы басталды.
Мемлекет басшысы Өзбекстан бірлескен күш-жігердің нәтижесінде беделді IT және финтех хабқа айналатынына сенім білдірді.
Үшінші бағыт – қаржы жүйесі мен технологиялардың түбегейлі өзгеруі.
– Жақында біз Халықаралық валюта қоры және Дүниежүзілік банкпен бірлесе отырып, Өзбекстанның қаржы секторын алғаш рет кешенді бағалаудан өткіздік. Олар банк, қаржы, сақтандыру және капитал нарығындағы реформаларымызды толығымен қолдады, – деді Мемлекет басшысы.
Бұл салаларды келесі деңгейге көтеру үшін Қаржылық тұрақтылық кеңесі құрылады, ал Орталық банк жанынан киберқауіпсіздік пен қаржылық технологиялар платформалары іске қосылады.
Сақтандыру жүйесінде реформалар басталды, Ұлттық қайта сақтандыру компаниясы және Жаһандық қайта сақтандырудың цифрлық платформасы құрылды.
Стартаптар үшін баламалы қаржыландыру құралы – венчурлық инвестициялар жедел дамып келеді. Мысалы, өткен жылы екі ұлттық стартап компаниясының нарықтық құны алғаш рет 1 миллиард доллардан асты.
Мұндай компаниялар санын арттыру мақсатында «Баламалы инвестициялық қорлар туралы» заң жобасы әзірленді. Алдағы 5 жылда венчурлық және басқа да баламалы инвестициялар көлемі 1 миллиард долларға жеткізіледі.
Тағы бір маңызды бағыт – «Төртінші өнеркәсіптік революция» жағдайында технологиялық минералдарға сұраныс бірнеше есеге артуда.
Өзбекстанда вольфрам, молибден, магний, литий, графит, ванадий, титан және басқа да минералдардың үлкен қорлары анықталған. Жерасты байлықтарымыздың жалпы әлеуеті 3 триллион доллар деп бағалануда.
– Өңіріміздің минералдардан жоғары қосылған құны бар өнімдер шығаратын «хабқа» айналуы үшін барлық мүмкіндік бар. Осы мақсатта Ташкент және Самарқанд облыстарында «Болашақ металлдары технопаркі» құрылуда, – деді Президент.
Осыған байланысты геологиялық барлаудан бастап дайын өнім шығаруға дейінгі толық тізбекті жүзеге асырған инвесторларға 10 жыл бойы рента салығын қайтарып беру ұсынылды.
Өз сөзінде Өзбекстан Президенті «Жаңа Өзбекстан – инвестициялар үшін үлкен мүмкіндіктер елі» деген қағидатты іс жүзінде жүзеге асыруға ерекше назар аударды.
Біріншіден, Өзбекстан алдағы жылы Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуды мақсат етіп отыр. Бұл бағытта ондаған заңдар мен жүздеген стандарттар халықаралық талаптарға сәйкестендірілді. Бұл процесс биыл толық аяқталады.
Екіншіден, шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында жергілікті компаниялармен тең құқық беретін «ұлттық режим», мемлекеттік мекемелермен өзара қарым-қатынаста «бір терезе» қағидаты енгізіледі және инвестициялық қызметті кепілдендірілген қорғау жүйесі құрылмақ.
Мұндай шаралар арқылы 2030 жылға дейін Өзбекстанның кредиттік рейтингін «инвестициялық» деңгейге көтеру жоспарланған.
Үшіншіден, мемлекеттік компанияларды жекешелендіру барысында оларды елдің әл-ауқатының өсуіне қызмет ететін ірі активтерге айналдыру жолы таңдалды.
18 ірі компания мен банктегі шамамен 2 миллиард долларлық мемлекеттік үлесті біріктірген Ұлттық инвестициялық қор құрылды. Қорды басқару үшін беделді халықаралық компания – «Franklin Templeton» тартылды. Келесі жылы бұл қордың акциялары халықаралық IPO арқылы нарыққа шығарылады.
Бұдан бөлек, кәсіби кеңесшілерді тарта отырып, алдағы екі жылда 29 ірі мемлекеттік компания жекешелендірілмек.
Төртіншіден, жеке капиталды тарту арқылы көлік және логистиканы дамытуға ерекше назар аударылуда. Мысалы, Самарқанд, Наманган, Бұхара және Үргеніш халықаралық әуежайлары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде әлеуетті инвесторларға басқаруға берілді.
Үргеніш әуежайын басқаруға әлемдегі жетекші «Инчхон» компаниясы тартылды. Келесі жылы Нөкіс, Термез, Ферғана және Науаи әуежайларына қатысты тендерлер өтеді.
Сонымен қатар, астана халқының саны 5 миллионнан асатынын ескере отырып, 2 миллион адамға арналған Жаңа Ташкент қаласы салынады. Мұнда әуежай, темір жол және автомобиль жолдарын байланыстыратын, жылына 20 миллион жолаушыға қызмет көрсететін мультимодальды хаб құрылады.
Бесіншіден, Орталық Азияда мүлдем жаңа ынтымақтастық ортасы қалыптасты. Соңғы 8 жылда көршілес елдермен тауар айналымы 3,5 еседен астам өсіп, 13 миллиард долларды құрады.
Ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. «Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан» темір жолының құрылысы басталды, ірі энергетика және инфрақұрылым жобаларын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.
Осыған байланысты Өзбекстан Президенті Орталық Азияда «Инвестициялар мен сауда үшін бірыңғай аймақ» тұжырымдамасын ұсынды.
– Осы ретте халықаралық ұйымдарға үндеу жасағым келеді: аймақтық жобаларды қолдау үшін жаңа қаржылық механизмдерді іске қосатын уақыт келді. Біз бірлесіп әрекет етсек, Орталық Азияны бейбітшілік пен даму аймағына айналдырамыз, – деді Президент.
Сөзінің соңында Өзбекстан басшысы қатысушылар назарын инвестицияның ел үшін жай ғана қаржылық ресурс емес, сонымен бірге технология, білім, білікті кадрлар және халықаралық өндірістік тізбектерге бірігу мүмкіндігі екеніне аударды.
– Өзбекстан осындай ізгі мақсатпен келген шетелдік инвесторлар үшін барлық жағдайды жасап береді, оларды жан-жақты қолдайды және бұған толық кепілдік береді, – деді Мемлекет басшысы.
Жалпы отырыста сөз алған қатысушылар Жаңа Өзбекстандағы реформалар нәтижелерін жоғары бағалап, елмен басым салаларда инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту бойынша ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Ташкент халықаралық инвестициялық форумы 12 маусымда өз жұмысын аяқтайды.
Ертең Өзбекстан Республикасы Президентінің қатысуымен Шетелдік инвесторлар кеңесінің жалпы отырысы өтеді.