Жарлыққа сәйкес, Өзбекстан Республикасы Конституциясының 109-бабы 23-тармағына негізделе отырып, қателігін мойындап, жаңа өмір бастауға ұмтылған 615 азаматқа рақымшылық жасалды.

Олардың ішінде 220 адам негізгі жазадан толық босатылса, 123-і мерзімінен бұрын шартты түрде еркіндікке шығарылды. Тағы 97 тұлғаның бас бостандығынан айыру жазасы жеңіл жаза түріне алмастырылды. Сонымен қатар 175 адамның жаза мерзімі қысқартылды.

Кешірімге іліккендердің қатарында 9 шетел азаматы, 29 әйел, 60 жастан асқан 23 ер адам, 264 жас (соның ішінде 2 кәмелетке толмаған) және бұрын тыйым салынған ұйымдар құрамында болған 9 азамат бар.

Жарлықтың орындалуына байланысты жауапты министрліктер мен ведомстволарға маңызды міндеттер жүктелді. Ендігі мақсат – кешірімге іліккен азаматтарды отбасына аман-есен қауыштыру, оларды әлеуметтік ортаға бейімдеу, пайдалы еңбекпен қамтып, салауатты өмір салтын қалыптастыруына жағдай жасау.