Корея Республикасының Президенті Мемлекет басшысын туған күнімен құттықтап, мықты денсаулық, бақ-береке және ел басшысы ретіндегі қызметіне жаңа табыстар, ал Өзбекстан халқына бейбіт өмір мен өркендеу тіледі.
Өз кезегінде Өзбекстан Президенті Оңтүстік Корея басшысын жақында өткен президенттік сайлаудағы сенімді жеңісімен тағы бір мәрте шынайы құттықтап, алға қойылған мақсаттарды жүзеге асыруда сәттілік тіледі.
Сұхбатта Өзбекстан мен Корея арасындағы ерекше стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайту, көпқырлы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері жан-жақты талқыланды.
Тарихи достық байланыстары, ұқсас менталитет, салт-дәстүр мен ортақ құндылықтарға негізделген екіжақты қарым-қатынастардың тұрақты дамып келе жатқаны ерекше атап өтілді.
Кейінгі жылдары өзара тауар айналымы мен бірлескен кәсіпорындар саны тұрақты өсіп келеді. Корея компаниялары мен ұйымдарының Өзбекстан экономикасына салған тікелей инвестиция көлемі 8 миллиард АҚШ долларынан асты.
Корея халықаралық ынтымақтастық агенттігі және Корея Эксимбанкімен тиімді қаржылық-техникалық ынтымақтастық жалғасуда.
Мемлекет басшылары екіжақты серіктестіктің жаңа күн тәртібін қалыптастыру, сондай-ақ жоғары деңгейдегі белсенді диалогты жалғастырудың маңызын атап өтті.
Осы орайда сыртқы істер министрлерінің стратегиялық диалогы мен Үкіметаралық комиссияның алдағы отырысын нәтижелі өткізуге ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, тараптар өңірлік ынтымақтастық, оның ішінде «Орталық Азия – Корея Республикасы» форматындағы өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.








