Мемлекет басшылары Бұхара облысында орналасқан «Мергантекс» мақта-тоқыма кластері құрамындағы «Нигора» фабрикасына барды.
Құны 35 миллион доллар болатын жоба аясында құрылған фабрикада мақта шикізатын өңдеуден бастап, дайын мата мен киім өндіруге дейінгі толық өндірістік тізбек жолға қойылған.
«Shoyigul» брендімен шығарылатын тігін-трикотаж және дайын киім өнімдері негізінен Еуропа елдеріне, атап айтқанда Италия, Австрия, Ұлыбритания және Германияға экспортталады. Мұнда 840 жұмыс орны ашылған.
Кәсіпорында халықаралық стандарттарға сай заманауи жоғары технологиялық жабдықтар Қытай, Германия және Бельгиядан жеткізілген. Екінші кезеңде синтетикалық талшықтар мен одан дайын өнім шығару жоспарланып отыр.
Жоғары мәртебелі меймандар кәсіпорынның шоурумын және дайын өнім көрмесін тамашалады.
Жылына 10 миллион доллар көлемінде экспорт жасайтын фабрика өнімдерінің сапасы Тәжікстан делегациясы тарапынан жоғары бағаланды.
Президенттер екі елдің озық кәсіпорындары арасындағы кооперацияны кеңейту маңызды екенін атап өтті.