Өзбекстан мен Қытай басшылары келіссөз жүргізді

    Саясат 17 Iyun 2025 1839

    17 маусым күні Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің келіссөздері өтті.

    Кездесуде екіжақты және аймақтық маңызға ие өзекті мәселелер талқыланды.

    Мемлекет басшылары кейінгі жылдары Өзбекстан мен Қытай арасындағы достық және барлық жағдайларда жан-жақты стратегиялық серіктестік бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілгенін атап өтті.

    2024 жылдың қаңтар айында Өзбекстан Президентінің Қытайға жасаған мемлекеттік сапары барысында қол жеткізілген келісімдер дәйекті түрде жүзеге асырылуда.

    Барлық деңгейде байланыстар мен алмасулардың айтарлықтай жанданғаны айтылды.

    Сыртқы істер министрлері деңгейінде стратегиялық диалог жолға қойылды. Биыл маусым айының басында Самарқанд қаласында екінші Өңірлер форумы сәтті өтті.

    Сауда-экономикалық және қаржылық-инвестициялық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. 2024 жылы тауар айналымы 14 миллиард долларға жетті. Инвестициялық жобалар портфелі 60 миллиард доллардан асты.

    Өзбекстан аймақтарында бірлескен технопарктер мен арнайы индустриялық аймақтар табысты жұмыс істеуде, «BYD» электромобильдерін өндіру кеңеюде.

    «Жасыл» энергетика, мұнай-газ, химия, фармацевтика, металлургия, тау-кен, тоқыма, азық-түлік және құрылыс салаларында, сондай-ақ логистика, «ақылды» ауыл шаруашылығы, жасанды интеллект және цифрландыру бағыттарында келешегі зор жобалар әзірленіп жатыр.

    Қытайдың жетекші қаржы институттарымен өзара тиімді әріптестік жолға қойылған. «Жібек жолы» қоры аясында инвестициялық платформаны кеңейту жоспарланған. Қытайдың Эксимбанкі қатысуында Ташкентте Олимпиада қалашығының құрылысы аяқталып келеді. Ташкентте аталған банктің аймақтық филиалы да ашылды.

    Кедейшілікпен күрес саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге ерекше көңіл бөлінді.

    Көшбасшылар «Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан» стратегиялық темір жолының құрылысын жеделдетудің маңыздылығын да атап өтті.

    Тараптар білім, ғылым, туризм, мәдениет, кадрлар даярлау және қытай тілін үйрету салаларындағы алмасуларды дамытуға мүдделілік білдірді.

    Өзбекстанда Қытайдың Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінің филиалы жұмыс істеп тұр. Үргеніш университеті негізінде Пекин университетімен бірлесіп Халықаралық математика орталығы құрылған.

    Өткен жылы Конфуций институтының қызметінің 20 жылдығы аталып өтті, Қытайдың «Лу Бань шеберханасы» кәсіби білім беру жүйесі енгізілуде.

    Келесі жылы екі елде мәдениет және өнер апталықтарын өткізу жоспарланған.

    Кездесу барысында халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша да пікір алмасылды. БҰҰ, ШЫҰ, «Орталық Азия – Қытай» форматы және басқа да көпжақты құрылымдар аясындағы үйлестіру мен өзара қолдауды жалғастыру қажеттігі айтылды.

    Кездесу соңында көшбасшылардың қатысуында Өзбекстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуына қатысты екіжақты келіссөздердің аяқталғаны жөнінде бірлескен мәлімдеме қабылданды.