Жиында өңірлер бойынша мақта терімінің қарқыны мен бар проблемалар жан-жақты қаралды.
Биыл 875 мың гектар жерге шитті мақта егіліп, 3,7 миллион тонна өнімге келісімшарт жасалған. Жинау науқанына 900-ден астам машина тартылып, фермерлерге жанармай мен тыңайтқыш жеңілдетілген тәртіпте берілген.
Сонымен қатар кейбір өңірлерде жоспардан артта қалу жағдайлары байқалып отыр. Мәселен, Сұрхандария, Хорезм, Ферғана және Әндіжан облыстары жақсы нәтиже көрсетіп жатса, Самарқанд, Сырдария және Науаидағы жағдай көңіл көншітпейді.
Мемлекет басшысы қысқа мерзім ішінде жергілікті жерлерде жедел штабтар құрып, өнімді сапалы жинау, фермерлерді толғандырып отырған мәселелерді дер кезінде шешіп отыру жөнінде тапсырмалар берді. Сондай-ақ жауапты азаматтарға жиналған мақта үшін есеп айырысуды уақытылы жүргізу міндеттелді.
Жиында күз-қыс маусымына дайындық барысы да қаралды.
Республика бойынша 640 мектеп пен балабақшаның 125-інде жөндеу жұмыстары әлі аяқталмаған. 9,8 мың көпқабатты үйдің шамамен мыңға жуығы дайын емес. Жызақ пен Сұрхандариядағы қазандықтардың жөндеу жұмыстары да толық бітпеген.
Мемлекет басшысы екі апта ішінде бұл мәселелерді шешіп, қосалқы станциялар мен электр, су желілерін маусымға толықтай дайын ету қажеттігін айтты.
Сонымен бірге бүгінгі күнге дейін халыққа 55 мың тонна көмір, оның ішінде шалғай ауылдарға 9 мың тоннасы жергілікті көмір жеткізілген. Қоймалардағы 27 мың тонна көмірді де тұрғындарға жеткізу, сондай-ақ күз-қыс маусымында тұтынушыларға 330 мың тонна сұйытылған газды толық жеткізу тапсырылды. Газ және электрмен қамтуды үздіксіз жүргізу үшін жауаптылардың жеке жауапкершілігі қатаң ескертілді.
«Жасыл мекен» бағдарламасының орындалуы талқыланғанда, биыл көктемде егілген 137 миллион көшеттің 27,5 миллионы қурап қалғаны сынға алынды. Бұған көктем мен жазда ыстық күндердің ерте келуі себеп болып, егілген көшеттердің тамырлап үлгермеуі айтылды. Суару нормасы да 2-3 есе артық жұмсалған.
Осыған байланысты ағаш егу жұмыстарын күзде көбейту қажеттігі атап өтілді. Биыл күзде 125 миллион көшет ағашы мен бұта, ал көктемде тағы 75 миллион көшет отырғызу жоспарланған. Бұл ретте суару жүйесі жоқ аумақтарға көшет егілмейтін болады.
Қалаларда урбанизация үдерісі жеделдеп келе жатқанына байланысты жасыл аймақтарды көбейту қажеттілігі айтылды. Қалаларды «жасыл» стандарттарға сай ғылыми негізде дамыту мақсатында ғалым, урбанис және экологтар қатысуымен Ташкент пен Нөкіс қалалары және барлық облыс орталықтарының «жасыл» мастер-жоспарлары жасалатын болды.
Биылғы жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша республикаға тартылған шетелдік инвестициялар көлемі 33,5 миллиард долларға жету болжамы жасалып отыр. Қаңтар-тамыз айларында экспорт көлемі 23 миллиард долларды құрап, өткен жылға қарағанда 31 пайызға артты.
Алайда инвестицияның өсу қарқыны барлық өңірде бірдей емес. Кейбір облыстарда экспорт көрсеткіштері төмендеген. Президент жауапты тұлғалардан жыл соңына дейін қосымша 7,3 миллиард долларлық экспортты қамтамасыз ету, жаңа нарықтарға шығу және инвестиция тарту бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
Сондай-ақ АҚШ штаттарымен әріптестік орнату қажетті екені, әрбір облыс белгілі бір штатпен байланыс орнатып, жергілікті кәсіпкерлер мен шетелдік серіктестер арасында тікелей қарым-қатынасты кеңейтуге көмектесу тиіс екені айтылды.
Жиын соңында Президент барлық бағыттар бойынша белгіленген міндеттерді уақытылы әрі толық орындау жөнінде тапсырмалар берді.











