Кейінгі жылдары Ташкент қаласының экономикасы мен агломерациясы қарқынды дамып, қаланың тұрақты халқы 3,1 миллион тұрғыннан асты. Болжамдарға сәйкес, 2045 жылға қарай қала халқы екі еседен астам өседі. Бұл урбанизация үдерістерін тұрғын үй, көлік-логистика, инженерлік желілер және әлеуметтік инфрақұрылымға түсетін жүктемеге сай үйлестіре дамытуды талап етеді.

Сонымен қатар, қала ортасын сауықтыру және өмір сүру сапасын арттыру мақсатында жасыл аумақтарды кеңейту басым міндет ретінде қарастырылып отыр. Атап айтқанда, Ташкент қаласы мен оның маңындағы жасыл аймақтар көлемін үш есе ұлғайтып, 25 мың гектарға жеткізу, ал жан басына шаққандағы жасыл аумақ мөлшерін 3 шаршы метрден 6 шаршы метрге дейін арттыру көзделген.

Өткен кезеңде бастамашылардан жалпы аумағы 2 679 гектар болатын 85 құрылыс жобасы ұсынылған. Таныстырылымда осы жобаларды кешенді қарау нәтижелері туралы ақпарат берілді.

Зерттеу барысында әр жобаны қала құрылысының бірыңғай тәсілі негізінде бағалау, аумақтың кемінде 30 пайызын жасыл аймаққа айналдыру мүмкіндігі, реновация арқылы ескірген аумақтарды кешенді жаңарту және жер көлемі 1 гектарға дейінгі шағын әрі тығыз құрылыс тәжірибесінен бас тарту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Қаралған жобалар қорытындысы бойынша 18 жобаны жүзеге асыруға рұқсат беру, 12 жобаны жер аумағы, қабат саны және тұжырымдамасын өзгерту арқылы оңтайландыру, ал 54 жобаны тұжырымдамалық тұрғыда толық қайта қарау ұсынылды.

Сондай-ақ, «Янгихаёт» ауданындағы «Янги авлод» арнайы өнеркәсіптік аймағын кеңейту жоспарлары талқыланды. Осы арқылы қала орталығынан ірі өнеркәсіп кәсіпорындарын кезең-кезеңімен көшіру, жоғары қосылған құн қалыптастыратын және экологиялық талаптарға сай өндірістерді орналастыру маңызды екені атап өтілді.

Мақұлданған жобаларды іске асыру нәтижесінде жыл сайын құрылыс есебінен тағы да 1,5 миллиард доллар көлемінде жалпы өңірлік өнім, бюджетке 3,5 триллион сум түсім түсуі және 260 мың жаңа жұмыс орны ашылуы күтіліп отыр.

Таныстырылымда жасыл аймақтарды кеңейту мәселесіне ерекше көңіл бөлінді.

Жобалардың кемінде 30 пайызында, яғни 400 гектарда жасыл аумақтар ұйымдастыру міндеті жүктелді. Сонымен қатар, Ташкент қаласының 9 аумағында жалпы көлемі 134 гектар болатын жаңа қоғамдық парктер салу жоспарлары қаралып, мақұлданды.

Жобалардан алынатын инфрақұрылымдық төлемдер ең алдымен жаңа жасыл аймақтарды құруға, ал қалған бөлігі қала инфрақұрылымы нысандарын салуға бағытталуы тиіс екені атап өтілді.

Мемлекет басшысы Ташкент қаласындағы урбанизация үдерістерін қоғамдық мүдде, салауатты орта және экологиялық талаптармен үйлестіре дамыту жөнінде жауапты тұлғаларға тапсырмалар берді.