Осынау мәртебелі додаға әлемнің 107 елінен 600-ден астам боксшы қатысты. Өзбекстан құрамасы барлық 13 салмақ дәрежесі бойынша өнер көрсетіп, қазірдің өзінде 9 медальді қоржынға салып үлгерді.

Мемлекет басшысы 13 мамырда Өзбекстан құрамасының боксшылары қатысқан финалдық жекпе-жекті тамашалады. Тартысты өткен кездесулерде Асадқужа Муйдинхужаев қазақстандық Дулат Бекбауовты, Хасанбой Дусматов франциялық Билал Беннаманды, Бахадир Жалолов кубалық Алехандро Арзоланы жеңіп, алтын медальға қол жеткізді.

Жеңімпаздарға медальдар мен чемпиондық белбеулерді Президент Шавкат Мирзиёев тапсырды. Оларға сондай-ақ Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) бөлген ақшалай сыйлық беріледі.

Жарыстың соңғы күні шаршы алаңға тағы төрт өзбекстандық боксшы шығады. Әлем чемпионаты 14 мамырда аяқталады.