Мемлекет басшысы сөзінің басында адал әрі қажырлы еңбегі арқылы түрлі өнім өндіріп, ел дастарханына береке үлесіп жүрген барлық диқан, фермер, бағбан, малшы, су шаруашылығы мамандары, агрономдар мен механизаторларға құрметін жеткізді.

– Сіздердің еңбектеріңіз ауыл шаруашылығында ғана емес, экономиканы көтеру, халықтың тұрмысын жақсарту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы өлшеусіз қосып жатқан үлесіңіз мақтау лайық, – деді Мемлекет басшысы.

Биыл халықтың 3,5 миллионнан астам өкілі еңбек етіп жатқан ауыл шаруашылығында үлкен межеге қол жеткізілді. Мақта өсірушілер 875 мың гектар жерден 4 миллион тоннаға жуық өнім алды. Тарихта алғаш рет мақтадан орташа өнімділік гектарына 46 центнерге жетті.

Диқандарымыз биыл 8 миллион 400 мың тонна астық жинады, орташа өнімділік гектарына 85 центнерді құрады. Күріш өсірушілер 268 мың гектарға күріш егіп, 1 миллион 340 мың тонна өнім алды, орташа өнімділік 50 центнерге жетті.

Үш жылда 155 мың гектар бау-бақша мен жүзім бауы, интенсивті бақ көлемі 150 мың гектарға ұлғайды. Биыл 3,4 миллион тонна жеміс, 2 миллион тонна жүзім, 19,5 миллион тонна көкөніс, бақша өнімдері мен картоп, сондай-ақ 1 миллион тонна бұршақ және майлы дақылдар өсірілді.

Жыл басынан бері азық-түлік экспорты 37 пайызға өсіп, 3 миллиард долларға жетті. Жыл қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш алғаш рет 3,2 миллиард доллардан асады деп күтіліп отыр. Ел аумағында өсірілген жеміс-көкөніс өнімдер экспортталатын елдер саны 18-ге артып, 83 мемлекетке жетті.

– Әрине, мұндай зор нәтижелердің артында диқан мен фермерлер, кластерлер, жалпы ауыл және су шаруашылығы саласындағы әрбір адамның еңбегі, батылдығы, жанкештілігі жатыр. Олардың еңбегі мен асыл қасиеттері мақтауға лайық, – деді Президент.

Өзбекстан Республикасы Президентінің биыл 9 желтоқсандағы жарлығына сәйкес, салада ерекше үлгі көрсеткен бірқатар қызметкерлер құрметті атақ, орден және медальдармен марапатталған еді.

Бүгінгі шарада аталған марапаттар өз иелеріне салтанатты түрде табысталды.

Мемлекет басшысы сөзін жалғастыра отырып, келесі жылға арналған осынау саладағы маңызды міндеттерді айқындап берді.

Келесі жылы жаңа агротехнология көмегімен 76-схема бойынша мақта егу кеңейтіліп, 891 мың гектар жер толық осы схема бойынша мақта өсіруге бейімделеді. Көсек құрты, гербицид, тұздану мен су тапшылығына төзімді шетелдік сорттар егіс көлемі екі есеге артып, 500 мың гектарға жетпек.

«Шыңжаң тәжірибесі» негізінде 300 мың гектарға шит егіледі. Ол үшін алқаптарға тамшылатып суару технологиясын енгізуге 2 трлн 600 млрд сум жеңілдетілген несие бөлінеді. Өз қаражатына мақта еккен фермерлерге өнімнің 10 пайызы көлемінде субсидия беру үшін 250 млрд сум қарастырылады.

Сондай-ақ, мақта өсіру үшін кредит лимитінің жартысын пайдаланған фермерлерге де өнімнің 5 пайызына дейін субсидия төленеді.

Жергілікті жаңа мақта сорттарын шығару жұмыстарына да назар аударылды.

Атап айтқанда, ғылыми орталықтарда 56 жергілікті сортты шетелдік сорттармен будандастыру арқылы тұқым шаруашылығы дамытылады. Геномика және Мақта шаруашылығы ғылыми институттарына фитотрон және жылыжай салып беріледі.

Мақта өсіру үшін биржа арқылы минералды тыңайтқыштар мен жанармайды 10–15 пайыз арзан бағамен жеткізу тәжірибесі келесі жылы да жалғасады.

Енді мақта және астық бағытындағы фермерлердің жеке рейтингі жүргізіледі.

Мұнда кемінде 10 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан, кредит, лизинг және салық бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ фермерлердің рейтингіне қарай Ауыл шаруашылығы қорынан берілетін жеңілдетілген несие мөлшерлемесі төмендетіледі. Яғни рейтингтің жоғарғы сатысында тұрған фермерлерге кредит мөлшері мақта үшін – 8 пайыз, астық үшін – 10 пайыздан берілмек.

Мырзашөл өңірінде инновациялық ауыл шаруашылығы мектебі құрылып жатыр. Республика бойынша 1 мың фермер осы мектепте шөлейтті жағдайында мақта өсіру бойынша оқытылады. Осы мектепте оқып, сертификат алған фермерлерге рейтингке қосымша 10 балл беріледі.

Білікті агрономдардың қатарын көбейту маңызды екені атап өтілді.

Осыған орай, Аграрлық университеттің 180 студенті дуальді білім беру бойынша алдыңғы қатарлы кластерлер мен фермерлерде тәжірибе өтейді. Агрономия сырларын үйреткен фермер және кластерге әр студент үшін 5 млн сум, студенттің өзіне 1,5 млн сум шәкіртақы төленеді.

Фермерлер қызметіне жаңашылдық енгізіп, сапалы тұқым мен сорттар, заманауи агротехнология арқылы өнімділікті арттыруға және шығындарды азайтуға көмектескен жас агрономдарға ай сайын 2 мың доллар жалақы төленеді.

Мақта шаруашылығында механизация деңгейін 85 пайызға жеткізу үшін келесі жылы тағы 800 терім машинасы, 450 көпфункциялы сеялка және 3 мың пленка жинайтын техника әкелінеді.

Жалпы, мақта шаруашылығын одан әрі жандандыру үшін 2026 жылы диқан және фермерлерді қолдауға 35 трлн сум бөлінеді.

Астық шаруашылығында да тұзға, су тапшылығына және ыстыққа төзімді жаңа сорттар дайындау бойынша зерттеулерді күшейту қажет екені айтылды. Өз қаражатына астық еккен фермерлерге де мақтаға берілгендей өнімнің 10 пайызы көлемінде субсидия беріледі.

Сондай-ақ жаңа бау-бақша мен жүзімдік құру, ескілерін жаңарту бойынша үш жылдық бағдарлама қабылданады.

Алдағы уақытта интенсив бақша ұйымдастыру үшін енді 7 жыл мерзімге, оның ішінде 3 жылдық жеңілдік кезеңі бар, 14 пайыздық несие берілетін болды. Мұздатқышы бар қоймаларға несиепайызының негізгі мөлшерлемесінен асқан 8 пайызына дейінгі бөлігі субсидияланады. Сондай-ақ көкөніс экспорттаушылары мен бағбандарға қаптау шығындарының 50 пайызы өтеледі.

Жеміс-көкөніс көлемін арттыру үшін жайлау, қырлы және адырлы алқаптар тиімді пайдалану аса маңызды екені атап өтілді.

Ол үшін индустриялық бақтар мен жүзімдік, көкөніс және мал азығы дақылдарын егу үшін адыр алқаптары жер құнының 1 пайызы мөлшеріндегі бағамен аукцион арқылы сатылатын болды. Аукцион жеңімпаздары жерді басқа тұлғаға қайта жалға беруге құқылы болады, ал жалдау құқығы тегін тіркеледі.

Қазіргі құбылмалы жағдайда нарықтағы баға тұрақтылығы мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үнемі бақылауда болуы тиіс екені айтылды.

Қазірде күз-қыс маусымына қажетті негізгі азық-түлік түрлерінің қоры жасақталып жатыр. Бұдан былай бұл жұмысты жыл бойы жүргізіп, бағаның тұрақтылығын сақтау үшін тұрақты интервенция жүйесі енгізілетіні жарияланды.

Тағы бір маңызды назар аударарлық мәселе – ет және сүт өнімдері өндірісін көбейту.

Келер жылы шетелден 100 мың бас ірі қара және 200 мың бас қой-ешкі әкелінеді. Мақта және бидай саласында фермерлерге өз жерінде мал шаруашылығын жолға қою үшін 20 сотыққа дейінгі аумақта жеңіл конструкциялы қора-жай салуға рұқсат беріледі. Импортталған асыл тұқымды ірі қара мен бір күндік балапанға арналған субсидия тәртібі тағы 5 жылға ұзартылды.

Мал шаруашылығы жобалары үшін келесі жылы Дүниежүзілік банк жіне Ауыл шаруашылығын дамыту халықаралық қорынан алынған ресурстар есебінен 157 миллион доллар бағытталады. Бұл қаражат шаруа қожалықтарына 10 жыл мерзімге, 3 жылдық жеңілдікпен 17 пайыздан берілмек.

Балық шаруашылығында тұқымды жаңарту, өнімділікті арттыру және ашықтықты қамтамасыз ету бойынша да бірқатар жаңалықтар енгізіледі.

Атап айтқанда, карп және салқын су балықтары бойынша Венгрия және Норвегия компанияларымен бірлесіп, «Янгийул» және «Бостандық» аудандарында екі тұқым шаруашылығы орталығы құрылады.

Шетелден асыл тұқымды аналық балық әкелу шығынының жартысы өтеледі. Балық шаруашылықтары инкубация, зертхана, жабық су айналымы жүйелерін импорттаған жағдайда кедендік баждан босатылады. Интенсив балық шаруашылығын іске қосқан шаруалар үшін жер және мүлік салығы екі есе азаяды.

Бұған дейін ауыл шаруашылығындағы субсидияларды алты министрлік бөлу арқылы орындаған еді. Осыған орай, барлық субсидиялар бойынша қаржылық қызмет көрсететін Аграрлық төлемдер агенттігі құрылды.

Агенттік келесі жылы диқандар мен фермерлерге 2 триллион 200 миллиард сум көлемінде субсидия бөледі. Мұнда субсидия беру кезеңі қазіргі 4 сатыдан 2 сатыға, ал оны алу уақыты 1 айдан 15 күнге қысқарады.

Келесі жылдан бастап ерікті өнім сақтандыру жүйесі мақта, бидай және жылыжай өнімдерінен басталатын болады. Мұнда сақтандыру төлемінің 50 пайызы бюджеттен жабылады.

Биылдың өзінде 100-ден астам дрон көмегімен жер алқаптары мен егістерді мониторингтеу, озық агротехникалық іс-шаралар жүргізілді. Келесі жылы Қытайдан тағы 50-ден астам заманауи агродрон әкелінеді. Әр облыста кемінде екі дрон-мобиль кешені арқылы агроқызмет көрсетіледі.

Тағы бір мәселе – республикадағы егіс алқаптары арқылы өтетін ұзындығы 70 мың шақырымды құрайтын ашық дренаж және коллекторлар бар. Егер олар кезең-кезеңімен жабық жүйеге ауыстырылатын болса, қосымша егіс алқабы пайда болады және арықтарды тазалау шығындары еселеп үнемделеді.

Сондықтан ашық дренаж және коллекторларды жабық жүйеге ауыстыру бойынша арнайы бағдарлама қабылданып, оған 100 миллион доллар бөлінетін болды.

– Мен бір нәрсені қайталап айтудан шаршаған емеспін. Ғылым мен ізденіс жоқ салада даму да, өрлеу де, прогресс те болмайды, – деді Мемлекет басшысы.

Бүгінде аграрлық салада 22 ғылыми орталық, 260 зертхана, онда үлкен әлеуетке ие жүздеген ғалымдар мен ғылыми қызметкерлер жұмыс істейді.

Осы әлеуетті толық пайдалану мақсатында «ғылым – білім – өндіріс» интеграциясын қамтамасыз ететін Ауыл шаруашылығы ғылымдар академиясы құрылады. Академия ауыл шаруашылығындағы іргелі және қолданбалы зерттеулерді дамытуға жауапты мекемеге айналады.

Бұдан бөлек, тәжірибелі 500 фермер, бағбан және экспорттаушы Қытай, Түркия, Голландия және Франция сияқты елдерге жіберіліп, оқытылады.

Кездесуде ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлерімен ашық сұхбат өтті. Мемекет басшысы олардың ұсыныстары мен пікірлерін тыңдады.