Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын дамыту жоспарымен танысты

    Президент Шавкат Мирзиёев 17 қараша күні мақта шаруашылығындағы тиімділікті озық тәжірибе мен заманауи технологиялар негізінде арттыру, ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау жөніндегі ұсыныстар тұсаукесерімен танысты.

    Ауыл шаруашылығы еліміз экономикасында маңызды орын алады. Саланың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 20 пайызды, жылдық өнім көлемі 467 триллион сумды құрайды, онда 3,5 миллионға жуық адам еңбек етеді. Бұдан бөлек, жаңа және қайта өңделген аграрлық өнімдер ел экспортының үштен бірін қамтамасыз етіп отыр.

    Таныстырылымда мақта шаруашылығында өнімділікті арттыру мәселелері жан-жақты талқыланды.

    Бұл үрдісте төмен өнім алып жүрген фермерлермен нысаналы жұмыс жүргізу, озық агротехнологиялар мен дұрыс қоректендіру тәсілдерін енгізу, агрономдарды даярлау жүйесін түбегейлі жаңғырту міндеттері белгіленді.

    Атап айтқанда, мақта шаруашылығында ұстаз–шәкірт дәстүрін енгізу арқылы гектарынан 60 центнерден жоғары өнім алған тәжірибелі фермерлерді 30 центнерден төмен өнім алған фермерлерге бекіту ұсынылды.

    Озық фермерлер Ауыл шаруашылығы біліктілікті арттыру институтында қайта даярлаудан өтіп, арнайы сертификат алады. Ал төмен өнім алған шаруалардың көрсеткіші кемінде 50 центнерге жетсе, оларға бекітілген тәжірибелі фермерлерге 5 миллион сум көлемінде сыйақы төленеді.

    Агрономдарды даярлау жүйесін жетілдіру мақсатында Аграрлық университет және басқа да тиісті жоғары оқу орындары түлектері үшін екі жылдық дуальді білім беру механизмі енгізілмек. Озық кластерлер мен фермерлік шаруашылықтарда тәжірибеден өткен студенттерге стипендия, ал оларды үйреткен мамандарға ынталандыру төлемдері беріледі.

    Таныстырылымда жергілікті мақта сорттарын шығару мәселесі де жеке қаралды.

    Өзбекстанда мақта шаруашылығы бойынша екі бірегей ғылыми орталық – Геномика орталығы мен Мақта шаруашылығы институты бар екені, алайда олардың әлеуеті толық пайдаланылмай отырғаны атап өтілді.

    Селекция негізінде жаңадан сорт жасау және тұқым шаруашылығын дамыту мақсатында аталған институттарда фитотрон және репродукциялық жылыжай салу тапсырылды. Нәтижесінде жаңа жергілікті сорт шығару уақыты 2,5 есеге қысқарады, ғалымдардың жұмысы жеделдеп, импорттық тұқымға қажеттілік жойылады.

    Мақтаны пленка астына егу тәжірибесін кеңінен қолдану жоспарлары да қаралды.

    Мемлекет басшысы саланы дамытуда агродрондарды пайдалану аясын кеңейту және осы бағытта мамандарды даярлау маңызды екенін атап өтті.

    Ауыл шаруашылығына жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу мәселесі де күн тәртібінде болды. Қазіргі кезде Ауыл шаруашылығы министрлігі мен шетелдік компаниялар бірлесіп кадр даярлау және ғылыми инфрақұрылым құру бағытында атқарып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берілді.

    Қаржылай қолдау тетіктері де талқыланды.

    2026 жылдан бастап мақта-бидай, жеміс-жидек және бұршақ дақылдары бойынша ерікті өнім сақтандыру жүйесін енгізіп, сақтандыру жарнасының 50 пайызын бюджет есебінен өтеу ұсынылды.

    Субсидиялар жүйесін оңтайландыру мақсатында қазіргі таңда түрлі ведомстволар беріп отырған 75 түрлі субсидияны бірыңғай платформа арқылы бөлетін Аграрлық сала төлем агенттігін құру бастамасы көтерілді. Бұл фермерлер үшін артық әуре-сарсаң мен бюрократияны айтарлықтай қысқартады.

    Президент ұсыныстарды құптап, жауапты басшыларға тиісті тапсырмалар берді.

    No date selected
    December 2025
    1
    2
    3
    4
    5
    6
    7
    8
    9
    10
    11
    12
    13
    14
    15
    16
    17
    18
    19
    20
    21
    22
    23
    24
    25
    26
    27
    28
    29
    30
    31
    Use cursor keys to navigate calendar dates