Қазіргі таңда айналымдағы бағалы қағаздардың нарықтық құны 275 триллион сумды құрап, қор биржасында еркін айналыстағы бағалы қағаздар көлемі 4 триллион сумға жетті. Нарықта 717 эмитент пен 77 кәсіби қатысушы қызмет атқаруда.
Сонымен қатар капитал нарығының капиталдандыру көлемі жалпы ішкі өнімге шаққанда 20 пайызды ғана құрайтыны, бұл әлемдік көрсеткіштерден едәуір төмен екені және аталған салада әлі де зор әлеует бар екені атап өтілді.
Осыған байланысты жергілікті капитал нарығына кемінде 1 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартуға бағытталған шаралар талқыланды.
Атап айтқанда, жергілікті және шетелдік қор биржаларында халықаралық стандарттар негізінде бағалы қағаздарды орналастыруға, яғни «дуал листинг» тәжірибесіне рұқсат беру, сондай-ақ валюталық облигациялар, жаһандық депозитарлық қолхаттар, шетелдік бағалы қағаздар мен биржалық инвестициялық қорлар сияқты жаңа қаржы құралдарын енгізу жоспарланып отыр.
Таныстырылымда «реттеуші құмсалғыш» құқықтық режимін кеңейтуге ерекше назар аударылды.
Бұл тетік аясында құмсалғыш шарттарын тек норезиденттерге ғана емес, резиденттерге де қолдану, шетелдік инвесторлар үшін оның үздіксіз қолданыста болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ шетел компанияларының акциялары, облигациялары және өзге де бағалы қағаздарымен сауда жасауға рұқсат беру ұсынылды. Бұл шетелдік бағалы қағаздардың бейресми айналымын қысқартуға ықпал ететіні атап өтілді.
Жергілікті инвесторларды капитал нарығына белсенді тарту бойынша да ұсыныстар қаралды.
Осы орайда отандық компаниялар мен банктерге Ташкент қор биржасында шетел валютасында облигациялар шығаруға рұқсат беру арқылы сыртқы нарыққа шықпай-ақ валюталық қаражат тарту мүмкіндігін жасау көзделіп отыр.
Сондай-ақ эмитенттерге өз капиталы көлемінен артық, қамтамасыз етілмеген облигациялар шығаруға мүмкіндік беру арқылы облигациялар нарығын кеңейтуге болатыны айтылды.
Капитал нарығындағы бақылау және реттеу жүйесін жетілдіру мәселелері де қаралды.
Ұлттық заңнаманы Бағалы қағаздар комиссияларының халықаралық ұйымы талаптарына сәйкестендіру, реттеуші органның өкілеттіктерін күшейту, сондай-ақ кәсіби қатысушылардың жарғылық капиталына қойылатын талаптарды кезең-кезеңімен арттыру жоспарлары таныстырылды.
Банк саласындағы реформалар аясында соңғы жеті жылда коммерциялық банктер активтерінің 5,3 есеге өсіп, 877 триллион сумнан асқаны, банктер саны 35-ке жеткені және 2017 жылдан бері Өзбекстанда 3 шетелдік банк қызметін бастағаны атап өтілді.
Өзбекстан алғаш рет Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банктің Қаржы секторын бағалау бағдарламасына қатысты. Бағалау барысында банк қадағалауы, тәуекелдерді басқару, төлем жүйелері, макропруденциялық саясат және дағдарыстарды басқару секілді бағыттар қамтылды.
Бағалау қорытындыларына сәйкес, келесі жылы Өзбекстанның қаржы секторын Базель комитетінің Тиімді банк қадағалауы жөніндегі 29 негізгі қағидатына толық сәйкестендіру көзделген. Осы мақсатта барлық коммерциялық банктерде қаржылық есептілікті халықаралық стандарттар негізінде толық жүргізу, Базель III стандарттарын енгізу, Үкімет пен Орталық банк қатысуымен Қаржылық тұрақтылық кеңесін құру міндеті белгіленді.
Мемлекет басшысы капитал нарығы мен банк саласындағы реформалардың экономиканы тұрақты қаржыландыруда, жеке сектордың үлесін арттыруда және халықаралық инвестицияларды белсенді тартуда шешуші маңызға ие екенін атап өтіп, белгіленген міндеттер бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.