Мемлекет басшысы сейсмикалық қауіпсіздікті күшейту бойынша ұсыныстармен танысты

    Президент Шавкат Мирзиёев 13 мамыр күні сейсмикалық қауіпсіздікті күшейту бойынша ұсыныстармен танысты.

    Республикада құрылыс жұмыстары кең көлемде жүріп жатыр. 2017 жылдан бері өңірлерде 11 410 көпқабатты тұрғын үй салынған. Бұл халықты баспанамен қамтамасыз етіп, өмір сүру жағдайларын жақсартуға бағытталған.

    Сонымен қатар, құрылыс саласының маңызды бір бағыты – сейсмология саласы да дамып келеді. Бұл бағытта шетелдік ғылыми орталықтармен ынтымақтастық орнатылып, жаңа технологиялар енгізілуде. Өзбекстан бұл салада халықаралық бастамалар да көтеріп отыр.

    1966 жылы 26 сәуірде Ташкент қаласында күшті жер сілкінісі болғаны белгілі. Президент Шавкат Мирзиёев осы апат құрбандарын еске алу және халықаралық ынтымақтастықты арттыру мақсатында Жер сілкінісі құрбандарын еске алу және бірлік күнін белгілеуді ұсынған болатын. Осы ұсыныс негізінде жақында БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 сәуірді Халықаралық жер сілкінісі құрбандарын еске алу күні деп жариялады.

    Осы саланы халықаралық стандарттарға сай ету мақсатында Президент жаңа салынып жатқан үйлердің сапасына баса назар аударуды тапсырған. Соған сәйкес көпқабатты үйлердің жер сілкінісіне төзімділігін арттыру және халықтың сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде.

    Атап айтқанда, мемлекеттік жобалау институттарының мамандары өңірлерде зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бұл зерттеулер мен аймақтардың сейсмикалық жағдайына негізделіп, жүйені жетілдіруге бағытталған ұсыныстар әзірленді.

    Жоспарға сәйкес, шетелдік мамандарды тарта отырып, ғимараттарды зерттеудің жаңа тәртібі енгізіледі. Жер сілкінісіне және басқа да табиғи апаттарға төзімді үйлер салу бойынша тәжірибе алмасу кеңейтіледі. Ғимараттар техникалық тексеруден өтіп, анықталған кемшіліктер жойылады.

    Сондай-ақ, осы зерттеулер мен шетелдік тәжірибелерге сүйене отырып, сейсмикалық қауіп-қатерді бағалау бойынша нормативтік құжаттарға өзгерістер енгізіледі.

    Мемлекет басшысы құрылыс саласында сапа мен қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлу керектігін айтып, бұл бағытта ғылыми тәсілдер мен заманауи көзқарастарды енгізу жөнінде тапсырмалар берді.