Еліміздің тәуелсіздігі ұлттық болмысымызды айқындап, игі істерге негіз болып келеді. Әр жылы дәстүрге айналғандай, биылғы Тәуелсіздік мерекесі де қуанышты жаңалықтарға жол ашуда. Осындай тарихи оқиғалардың бірі жаңа Ұлттық музейдің іргетасының қалануы болды.
Сапар барысында Мемлекет басшысына нысанның жобасы мен ерекшеліктері, құрылыс кезеңдері туралы ақпарат берілді.
Музей Мәдениет және өнерді дамыту қоры қамқорлығымен Жапонияның «Tadao Ando Architect & Associates» архитектуралық бюросы және Германияның «Atelier Brückner» компаниясы тарапынан жобаланған. Оның сыртқы келбеті дөңгелек, төртбұрыш және үшбұрыш пішінді болып, Шығыс пен Батыс мәдениетін тоғыстырады. Кешен 3 қабатты музейден, 2 қабатты жерасты бөлігі мен қосымша ғимараттардан құралады. Құрылыс Қытайдың «CSCEC International Construction» компаниясы тарапынан жүзеге асырылады.
Ташкент қаласында осы музей құрылысына арналған салтанатты рәсім өтті. Осыған орай Өзбекстан Ұлттық саябағындағы алаңға мәдениет және өнер қайраткерлері, ғалымдар мен жазушылар, қариялар мен жұртшылық өкілдері жиналды.
– Барлық саладағы дамуымен қатар біз құндылықтарымызды қайта жаңғыртуға күш салып отырмыз. Ислам өркениеті орталығы, Имам Бұхари кешені, Олимпия қалашығы сияқты ірі нысандарды тұрғызып жатырмыз. Мұндағы басты мақсат бұл ғимараттар халқымыздың байлығы болып қалуы тиіс. Міне, енді тағы бір тарихи кешен – Өзбекстан Ұлттық музейінің құрылысын бастағалы жатырмыз. Бұл музей үш мың жылдық бай тарихымызды халыққа, әлемдік қауымдастыққа және келешек ұрпаққа жеткізетін ілім-білім мен мәдениет ордасына айналады, – деді Шавкат Мирзиёев.
Атап өтілгендей, қазіргі таңда бір ғана Ташкенттегі 30 музейде 1 миллионнан астам экспонат бар. Оның 100 мыңы Мемлекеттік өнер музейіне тиесілі, бірақ соның тек 2400 данасы ғана көрмеге қойылған. Көрме залдарының жетіспеуінен 97 мыңнан астамы қоймада сақталып тұр.
– Орта Азия, Қытай, Жапония, Үндістан және Еуропа елдерінің мәдениетін қамтитын бұл бірегей өнер туындылары тек біздің емес, бүкіл адамзаттың асыл қазынасы. Оларды сақтап, келешек ұрпаққа аман жеткізу, дүниежүзіне паш ету арқылы халқымыздың бай тарихы мен мәдениетін дәріптеу барлығымыздың қасиетті борышымыз, – деп атап өтті Президент.
Мұндай ауқымды музей еліміз тарихында алғаш рет бой көтермек. Оның жалпы аумағы 40 мың шаршы метрді құрайды. Көрме залдары, кітапхана, реставрация зертханалары және экспонаттарды сақтау бөлмелерінде ең заманауи жағдайлар жасалады.
Осы арқылы бүгінде астанамыздың түрлі музейлерінде шашырап тұрған тарихи жәдігерлерді, көне және заманауи өнер туындыларын бір жерде көруге мүмкіндік туады. Жалпы, музейде бір уақытта 10 мыңға жуық экспонатты көрсету мүмкіндігі жасалады.
Бұдан бөлек, 4 мың шаршы метр аумақта конференция залдары, аудиториялар мен мейрамханалар, балалар алаңы орналасады.
Музей пайдалануға берілсе, айналасындағы Абулқосим медресесі, Халықтар достығы сарайы және Өзбекстан Ұлттық бағы бірігіп, біртұтас сәулеттік композицияға айналады. Ол отандастарымыз бен шетелдік туристер көп келетін мәдени-танымдық орталық болады.
Келешекте бұл музей әлемге әйгілі Лувр, Метрополитен және Британия музейлерімен тығыз ынтымақтастық орнатып, бірегей экспонаттар әкелініп, көрмелер ұйымдастырылады.
– Сенімім кәміл, жаңадан бой көтерер бұл кешен еліміздің әлем тарихы мен өркендеуіндегі орнын бұдан да айқын көрсетеді. Бір жыл емес, он жыл емес, талай жылдар бойы халқымызға қызмет етеді, – деді Шавкат Мирзиёев сөзінің соңында.
Осыдан кейін Мемлекет басшысы кешеннің іргетасына капсула қойып, құрылысты ресми түрде бастап берді.











