Мемлекет басшысы жиналғандарды Медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтап, барлық дәрігерлер мен медбикелерге, сала мамандарына өзінің зор құрметі мен ізгі тілектерін жеткізді.
Қазіргі заманда фармацевтика саласының медицинадағы маңызы артып келе жатқанын ескере отырып, енді бұл мерекені «Медицина және фармацевтика қызметкерлері күні» ретінде атап өту ұсынылды.
Кездесуде шешімін күткен мәселелер талқыланып, жаңа міндеттер мен мүмкіндіктер айқындалды.
Соңғы бес жылда мамандандырылған орталықтарға 7,5 триллион сум қаржы бөлініп, мыңдаған заманауи жабдықтар орнатылғаны айтылды. Алайда, сол құрал-жабдықтардың қуатынан бар болғаны 25 пайызы ғана пайдаланылып отырғаны атап өтілді.
Цифрландыру, шетелдік серіктестермен байланыс орнату, клиникалық хаттамаларды жаңарту, озық диагностика, профилактика және емдеу тәсілдерін меңгерген заманауи командалар қалыптастыру әрбір медициналық орталықтың, облыстық және аудандық денсаулық сақтау басқармалары мен бөлімдерінің басты міндеті болуы керек екенін айтылды.
Сондай-ақ қай ауданда, қай махаллада қандай ауру көбейіп немесе азайып жатқанын талдап, олардың алдын алу және тиімді емдеу бойынша нақты жоспармен жұмыс істеу қажеттігі сөз болды. Республикалық орталықтар осындай талдау мен тәсілге сүйене отырып, жергілікті деңгейде жұмысты жолға қоюы, қымбат бағалы заманауи құрал-жабдықтарды тиімді пайдалануы бұрынғыдан да өзекті екені атап өтілді.
– Бүгін адамдардың өмірге деген көзқарасы да, талап-тілегі мен дүниетанымы да түбегейлі өзгерді. Бұл өз кезегінде медицина саласында да сапаны арттыру, заманауи әдістер енгізу бойынша жаңа міндеттер жүктейді. Сондықтан біз медицинада халықтың пікірін еститін жүйе енгіземіз, – деді Мемлекет басшысы.
Енді 26 орталықтың директорлары, облыстық және аудандық денсаулық сақтау басшылары, отбасылық емханалардың меңгерушілері бір айлық нақты жоспар негізінде жұмыс істейтін болады.
Медициналық орталықтардың басшылары өз саласы бойынша ең күрделі аудандар мен махаллаларға барып, бір ай бойы сол жерде қалып, аурулардың себептерін зерттеп, шешімін табады, отбасылық емхана және аудандық аурухана дәрігерлерін ауруларды емдеуге үйретеді.
Бұдан былай облыстық және аудандық денсаулық сақтау басшыларының күнделікті қабылдауы махаллаларда өтеді.
Әрбір облыс, аудан медициналық басшысы, бас дәрігер және емхана меңгерушісі науқастарға барынша қамқорлық жасап, ем іздеп келген әр адамның мәселесі тез шешілуі үшін барлық жағдай жасауы тиіс екені айтылды.
Жаңа жылдан бастап 26 орталық директорларын, облыс және аудан денсаулық сақтау басшыларын, отбасылық емхана меңгерушілерін тағайындауда жаңа тәртіп енгізіледі.
Бұдан былай барлық медициналық мекемелерде басшы мен бас дәрігердің лауазымдары бөлінеді. Басшылық қызметке менеджменттен білім алған, жақсы нәтижелер көрсеткен кәсіпкерлердің арасынан тағайындалатын болады.
Сонымен қатар, басшыларды ынталандыру жүйесі де жаңартылады.
Ең үлгілі облыстық, аудандық денсаулық сақтау бөлімдері, отбасылық емхана меңгерушілеріне «Өзбекстанда еңбек сіңірген медицина қызметкері» атағы, орден мен медальдар және 30 миллион сум көлемінде ақшалай сыйлық беріледі. Сондай-ақ олардың басшылық ететін аурухана мен емхана инфрақұрылымын жақсарту үшін 500 миллион сумнан қаржы бөлінеді.
Әр облыстағы ең үздік екі ауданның денсаулық сақтау бөлімінің басшысы мен отбасылық емхана меңгерушісі АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Корея және Түркия сынды медицинасы дамыған елдерге менежерлік бойынша оқуға жіберіледі.
– Медицина біліміндегі реформаларды жалғастырып, отбасының барлық жас мүшелеріне білікті медициналық көмек көрсете алатын отбасылық дәрігер институтын дамытуымыз қажет, – деді Президент.
Келесі оқу жылынан бастап медициналық жоғары оқу орындарының бакалавриат деңгейінде педиатрия мен емдеу ісін біріктіретін жалпы медицина факультеті ашылатыны жарияланды. Онда отбасылық дәрігер мамандығы бойынша резидентура мен магистратура да енгізіледі.
Резидентурада оқитын студенттер тегін білім алумен қатар, отбасылық дәрігер ретінде жұмыс істеп, еңбекақы алады. Резидентураны тәмамдағандар отбасылық дәрігер мамандығы бойынша шағын бейінді диплом және 150 пайыздық үстемақы иеленеді.
Медициналық оқу орындарында бакалавр бойынша студенттердің фундаменталды және клиникалық пәндер бойынша білімі бағаланады. Резидентураны аяқтаған дәрігерлер өз мамандығы бойынша емтихан тапсырады. Содан кейін олар мемлекеттік тіркеуден өтіп, медициналық қызмет көрсетуге ресми рұқсат алады.
Ендігі жерде тек қарапайым ем жүргізетін емес, диагностика, емдеу және профилактикада дәрігерге көмекші бола алатын мейірбикелерді даярлау қажеттігі айтылды. Осы мақсатта Мейірбикелер академиясы Ташкент мемлекеттік медицина университетінің қарамағына беріліп, оның негізінде Жоғары кәсіби медицина академиясы құрылады.
Келесі жылдан бастап барлық медициналық жоғары оқу орындарында жоғары мейірбике ісі бағыты ашылады және оған қабылдау квотасы екі есеге, ал 2027 жылдан бастап кемінде 20 пайызға арттырылатын болады.
Жоғары білімді, дәрігермен қатар еңбек ететін мұндай мейірбикелердің еңбегі лайықты түрде бағаланады. Келер жылдан бастап жоғары білімді мейірбикелердің жалақыларына 100 пайыз үстемақы қосылады.
Қазіргі уақытта орта білімді мейірбикелерді даярлау жүйесі де қайта қаралады.
Бүгінгі заманның дәрігері заманауи технологияларды, емдеу және диагностика әдістерін жетік білуі, өз білімін үнемі жетілдіріп отыруы қажет екені атап өтілді.
Сондықтан медициналық қызметкерлердің біліктілігін үздіксіз арттырып отыратын жаңа жүйе енгізіледі. Келер жылдан бастап біліктілікті арттырудың қашықтан оқыту, робот-симуляторлық, тәжірибелік және жұмыс орнында өз бетімен дайындық түрлері жолға қойылады. Біліктілікті арттыру талаптары мен бағалау өлшемдерін әзірлейтін Үздіксіз кәсіби медициналық білім беру орталығы құрылады.
Мемлекет басшысы қазіргі таңда медициналық қызметтердің 30 пайызы жеке сектор тарапынан көрсетіліп жатқаны, инновациялық бастамалардың да көбіне солардан шығуы қуанарлық жағдай екенін атап өтіп, жеке сектор ұсынған ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі барлық ұсыныстарды қарауға дайын екенін білдірді.
Болашақта да жеке медициналық секторды қолдау және қосымша жағдайлар жасау жалғасатыны айтылды.
Атап айтқанда, келесі жылдан бастап медициналық құрал-жабдықтар мен жедел жәрдем көліктерін әкелуге берілген жеңілдіктердің мерзімі үш жылға ұзартылмақ.
Қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарына ҚҚС-тің бір бөлігін қайтару бойынша берілген жеңілдік жеке медицина ұйымдарына да қолданылады. Көп салалы заманауи клиникаларды ұйымдастыру және оларды жабдықтау үшін кәсіпкерлерге 200 миллион доллар көлемінде жеңілдетілген қаржы ресурстары бөлінеді.
Президентіміз кеше қол қойған «Медицина және фармацевтика қызметкерлерін қолдау шаралары туралы» жарлықта көзделген қосымша жеңілдіктерді де жария етті.
Кездесуде сала өкілдерімен ашық пікір алмасу өтіп, олардың ұсыныстары мен ой-пікірлері тыңдалды.
– Мен дәрігердің үстіндегі ақ халатты тек кәсіп нышаны емес, Отанға шексіз адалдықтың белгісі деп білемін. Бұдан былай да дәрігер мен әрбір медицина қызметкерінің абыройын қорғау, оларға барлық жағынан лайықты жағдай жасау – біздің басты назарымызда болады. Сенемін, біз бірге Жаңа Өзбекстанды басқа салалармен қатар, медицинасы да дамыған елге айналдырамыз, – деді Мемлекет басшысы кездесу соңында.