«Өзбекстан – 2030» стратегиясында білім беру жүйесін реформалау басым бағыттардың бірі ретінде белгіленген. Биылғы мемлекеттік бағдарламада да мектептердегі жағдайды жақсарту, жас ұрпақты білімді етіп тәрбиелеу бойынша көптеген міндеттер қойылған.
Бұл, көбіне, мұғалімдердің білімі мен біліктілігіне байланысты. Республикада 15 мемлекеттік және 61 жекеменшік жоғары оқу орнында педагогикалық бағыттар бар. Алайда олардың ғылыми әлеуеті небарі 40 пайыз шамасында.
Қабылдаудың басым бөлігін әлеуметтік бағыттағы мамандықтар құрайды. Дәл және жаратылыстану ғылымдары бойынша педагог даярлау өте аз. Студенттердің 40 пайызы сырттай білім алып отыр.
Сондықтан Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетін трансформациялап, Өзбекстан ұлттық педагогикалық университетін құру, «Болашақ педагогтары» жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл университет барлық өңірлердегі педагогикалық институттар үшін тірек жоғары оқу орнына айналмақ.
«Жаңа Өзбекстан» университетінде 40-тан астам шетелдік оқытушы және 30 отандас зиялымыз қызмет атқарып жатыр. Студенттер өздерінің түрлі жобаларына жалпы 24,3 миллиард сум көлемінде гранттар тартқан. Осы әлеуетті пайдаланып, университетте инженерия, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, медицина сияқты заманауи салалар бойынша мамандар даярлауды дамыту, жаңа зертханалар ашу жоспары таныстырылды.
Сонымен қатар, жоғары оқу орнында ғылым, білім және тәжірибе интеграциясын қамтамасыз ету мақсатында Германияның озық тәжірибесі негізінде заманауи университеттік клиника құру көзделуде.
Білім сапасын анықтауда халықаралық әдістер де енгізілуде. Биыл 233 мектептегі 9 мың 15 жастағы оқушының білімі «PISA» халықаралық бағдарламасы арқылы бағаланады.
Қазіргі таңда 2 мың мектеп жоғары жүктемемен жұмыс істеп жатыр. Биыл бюджет есебінен 112 мың жаңа оқушы орны ашылады. Халық санының өсуіне байланысты мектептерге деген сұраныс та арта түсуде. Осыған орай, Ислам даму банкінен 200 миллион доллар тартып, өңірлерде 58 заманауи мектеп салу жоспарланған.
Талдауларға қарағанда, мектеп жасындағы балалардың 80 пайызы интернет пен әлеуметтік желілерде белсенді. Оларды зиянды ақпараттардан қорғау бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Алайда жастардың тәрбие және білім алуына күшті әсер ететін, қызықты ұлттық контент жасайтын шығармашылдар санаулы ғана.
Осыған байланысты, балаларға қауіпсіз ақпараттық орта құру, ұлттық контентті көбейту, шығармашылдарды қолдау бойынша тапсырмалар берілді.